+7 (701) 759 90 19
USD 425.07 EUR 494.14
RUB 6.06 CNY 66.55
Jańalyqtar

Моңғолияда министр қазақ отбасында тамақ жасап көрсетті - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

2021 жылғы 22 тамыз 17:40
Бөлісіңіз:
Моңғолияда министр қазақ отбасында тамақ жасап көрсетті - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ұқсас жаңалықтар
22 қазан күні өтетін маңызды шаралар аңдатпасы ШҚО-да биыл тұрмысы төмен және көпбалалы 1125 отбасы баспаналы болады Қарағандыда еріктілер 500-ге жуық мұқтаж отбасына көмек көрсетеді

Моңғолияның Білім, ғылым министрі қазақ отбасына «өзбек сорпа» жасап көрсетті - KAZNEWS

Моңғолияның Білім, ғылым министрі Л.Энхамгалан (Еңкамғылын-деп оқылады) шілденің соңғы аптасында Баян-Өлгей аймағында демалып қайтты, деп жазады моңғолиялық Kaznews ақпараттық порталы.

«Министр Л.Энхамгалан демалысы аясында Алтайдағы Бес боғда (Таван богд) тауында мекен ететін Д.Байболсынның үйінде қонақта болған. Тағам жасауға деген хоббиі бар министр өзбектің ұлттық тағамы сорпа жасап көрсеткен. Ал үй иесі Д.Байболсынның әйелі М.Жантолқын министр қонағына домбырамен қазақтың әсем әнін орындап берді», - деп жазады Kaznews порталы.


Әлемдік қаржы орталығында жұмыс істейтін білікті қазақ азаматы CNR

Қытайдың теңіз жағалауындағы Шэньчжэнь секілді әлемдік қаржы, экономика, сауданың орталғы саналатын қалада қаржыгер болып жұмыс істеу Елшат секілді білікті мамандардың ғана қолынан келеді, деп жазады Қытайлық kazakcnr.com сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Шэньчжэнь қаласы (Shēnzhèn) - Қытайдағы алғашқы құрылған арнайы экономикалық аймақ. Ол қазіргі таңда дамып келе жатқан, ірі қалалардың бірі. Дәл осы ірі қаржы орталығында қандасымыз, білікті қаржыгер Елшат Бауыржанұлы өз саласында табысты жұмыс істеп жүр. Оның негізгі жұмысы Шэньчжэнь қаласындағы ірі компаниялардың акцияларын нарыққа шығаруға жетекшілік ету. Бұл жоғары кәсіби білімді қажет ететін күрделі қаржы саласы.

«Елшат Бауыржанұлы Қытайдың Бұратала облысының Арасан ауданында туған. Ол қаржы мамандығы бойынша Чэндудағы Экономикалық университетте бакалавриат және Жұңшан университетінде магистратурада оқыған. Сонымен бірге АҚШ-тың мемлекеттік технологиялық Masachutes университетінде MBA (Іскерлік әкімшілік магистрі) білім дәрежесін алады. Бұл Менеджмент мектебі (MIT Sloan Management School)- әлемдегі ең беделді бизнес мектептерінің бірі. Елшат АҚШ-та жүргенде қаржы саласының үздіктерімен танысады, сондағы компаниялардың NASDAQ акцияларын нарыққа шығару қызметтерімен шұғылданады. Ал Қытай еліне қайтып келгеннен кейін қаржы саласында табысты еңбек етіп, өзінің біліктілігін одан сайын дәлелдей түседі. Ол қазірге дейін 14 компанияның қаржы капиталын тиімді инвестициялап, құнды қағаздарын нарыққа сәтті шығарып берген. Сондай-ақ, Елшат қазіргі күні өзі басқарып отырған қаржы компаниясының көлемін кеңейтіп, Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу секілді қалаларда дамытуды көздеп отыр», - деп жазады CNR.

Елшат БАҚ-қа берген сұхбатында, болашақ қаржыгер жас мамандар жан-жақты, көп қырлы білімді болғанда ғана осы салады табысты жұмыс жасай алатынын айтқан. Оның ойынша, жастар осы саланың білікті маманы болуы үшін, қаржы саласын меңгеріп қана қоймай, ғылым-техника, IT, медицина секілді түрлі салалардан белгілі деңгейде хабары болуы қажет.

Теһранда «Қазақстанның жетістіктері» атты фотосурет көрмесі өтті - Фарс

ИИР-дағы Қазақстан елшілігінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қазақстанның жетістіктері» атты фотосурет көрмесі өтті, деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

Қазақстан республикасының Ирандағы елшілігінің кеңесшісі Ғамзат Хаиров Pars Today ақпарат агентігі тілшісіне берген сұхбатында: «Бүгін біз ирандық достарымызға, осында тұрып жатқан қандастарымызға ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап фотосурет көрмесін ұйымдастырдық. Көрмеде саяси-экономикалық, тарихи және мәдени тақырыптардағы суреттер, соның ішінде Қазақстан дамуының алғашқы жылдарындағы басты оқиғалар мен айтулы кездесулерге қатысты фотодеректер, сондай-ақ Қазақстан халқының бірлігін көрсететін суреттер жұрт назарына ұсынылды. Сонымен қоса, біз бір бейнебаян көрсетіп, Қазақстанның 30 жылда жеткен жетістіктерін санамалап өттік», -деді.

Өзбекстанның экспорты мен импортында үлесі жоғары 10 мемлекет - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Мемлекеттік статистика комитеті Өзбекстан мен экономикалық байланысы ең жоғары болған ТОП-10 мемлекеттер рейтингін жасады, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, ел экспортында жоғары үлеске ие мемлекеттер арасында 1,3 млрд доллармен Қытай көш бастап тұр. Тізімнің соңында 103,7 миллион доллармен Украина орын алған. Қытай - 1,3 млрд доллар; Ресей - 1 млрд доллар; Түркия - 988,5 миллион доллар; Қазақстан - 655,1 миллион доллар; Қырғыз Республикасы - 413,1 миллион доллар; Ауғанстан - 404,6 миллион доллар; Тәжікстан - 242,1 миллион доллар; Иран - 114,4 миллион доллар; Канада - 109,3 миллион доллар; Украина - 101,7 миллион доллар.

Ал, соңғы 7 айда Өзбекстан импортында жоғары үлеске ие болған елдер арасында Қытай мен Ресей алда келеді. Қытай - 2,7 млрд доллар; Ресей - 2,7 млрд доллар; Қазақстан - 1,6 млрд доллар; Корея - 1,0 млрд доллар; Түркия - 885,8 миллион доллар; Германия - 380,9 миллион доллар; Үндістан - 274,6 миллион доллар; Түркіменстан - 250,9 миллион доллар; Италия - 238,8 миллион доллар; Украина - 232,9 миллион доллар. Дерекке қарағанда 2021 жылдың қаңтар-шілде айларында Өзбекстан импортының жалпы көлемі 13,4 миллиард долларды құрағандығы айтылған.

Олжас Сүлейменов «Шараф» орденімен марапатталды - TRT

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қазақтың көрнекті ақыны Олжас Сүлейменовті «Шараф» орденімен марапаттады, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Қабылдау барысында президент Ильхам Әлиев Олжас Сүлейменовті Әзербайжан халқының үлкен досы, бауырлас Қазақстан мәдениетінің ірі өкілі, қоғам қайраткері ретінде білетінін атап өтті. Сонымен бірге ақынның барлық мәселеде өзінің принципті ұстанымын білдіріп, Әзербайжанға әрқашан қолдау көрсеткенін баса жеткізді.

Ал өз кезегінде белгілі ақын әзірбайжандық «Шараф» орденімен марапатталғанын мақтан тұтатынын атап өтіп, Ильхам Әлиевке ризашылығын білдірді.

Аталмыш орден Әзербайжан республикасына айрықша еңбек сіңірген тұлғаларға экономика, ғылыми-техникалық дамуға, қоғамдық-мәдени прогреске қосқан үлесі үшін, ғылым, мәдениет, әдебиет, өнер, ағарту және денсаулық сақтау саласында ерен еңбегі үшін беріледі. Бұл марапат шетелдіктерден Түркия Президенті Сүлейман Демирелге, Ресей патриархы Кириллге, Еуропа олимпиада комитеттерінің президенті Патрик Хиккиге, Ресей опера әншісі Тамара Синявскаяға, ТАСС агенттігі бас директорының бірінші орынбасары Михаил Гусманға берілген.

Олжас Сүлейменовтің өлеңдері мен поэмалары ағылшын, француз, неміс, испан, чех, поляк, словак, болгар, мажар, моңғол, қырғыз, түрік және басқа да тілдерге аударылған», - деп жазады TRT.

Үкімет басшысының орынбасары іссапармен Баян-Өлгей аймағында болды - KAZNEWS

Моңғолияның Үкімет басшысының орынбасары, мемлекеттік Төтенше комиссияның басшысы С.Амарсайхан іссапармен Баян-Өлгей аймағында болды, деп жазады моңғолиялық Kaznews ақпараттық порталы.

«Үкімет басшысының орынбасары ең алдымен аймақтық Төтенше комиссия мүшелерімен кездесу өткізіп, бірқатар тапсырмалар берді. Аймақ әкімі Бауыржан Дәлелұлы Үкімет басшысының орынбасары С.Амарсайханға 10 тамызда ғана Мемлекеттік төтенше комиссияның шешімі бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен қуаты тәулігіне 20 баллонды оттегімен толтыратын қондырғының іске қосылуы науқастарға оттегінің жетіспеушілік мәселесі шешілгені туралы баяндады.

Сонымен қатар, аймақтық Біріккен ауруханада пандемияға қарсы қолданылуға арналған дәрі-дәрмектің 10 күндік қоры қалғанын мәлімдеп, рентген аппараты мен арнайы жабдықталған автокөлікпен қамтамасыз ету мәселесін қойып Үкімет басшысының орынбасары тарапынан қолдау тапты.

Баян-Өлгий аймағында коронавирус індетінің өршуіне байланысты 15 тамыздан бастап 24 тамызға дейін 10 күндік карантин режимі жарияланған болатын. Бүгінге дейін аймақта аталмыш індетті жұқтырғандардың саны 5934 ке жетіп, 344 адам ем қабылдап, 1778 адам үйлерінде оқшаулануда. Іссапар аясында үкімет басшысының орынбасары аймақта іске асырылып жатқан бірқатар инвестициялық және әлеуметтік жобалармен танысты», - деп жазады Kaznews порталы.



Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Бақытжол Кәкеш

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT