Моңғолияда қатаң карантин мерзімі тағы 2 аптаға созылмақ

None
None
ҰЛАНБАТЫР. ҚазАқпарат - Коронавирус індетіне қатысты жағдайдың ушығуына байланысты Моңғолияның Денсаулық сақтау министрлігі ел Үкіметіне қатаң карантин мерзімін тағы 2 аптаға созу жөнінде ұсыныс енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Моңғолия Үкіметінің 2021 жылғы 8 сәуірдегі кезектен тыс отырысы барысында 10-25 сәуір кезеңінде Моңғолиядағы төтенше жағдайға әзірлік режимін «қызғылт сары» зонадан «қызыл» аймаққа, яғни ел аумағында қатаң карантин режимін енгізу жөнінде шешім қабылданған.

Моңғолияның Денсаулық сақтау министрлігі осы екі апталық қатаң карантин уақытында Ұланбатыр қаласы тұрғандарынан толық ПТР тестісін алып, COVID-19 індетіне қарсы екпе жұмысының қарқынын күшейтуді жоспарлаған болатын.

Алайда, Моңғолияда COVID-19 вирусын жұқтырған және қайтыс болған адамдардың саны күн сайын өсуде. Мәселен, 18-20 сәуір аралығында Моңғолия амағында 23 ПТР тест зертханасы анықталған жағдай көрсеткіші төмендегідей:

- 18 сәуірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны – 1 340 адам, қайтыс болған – 3 адам;

- 19 сәуірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны – 889 адам, қайтыс болған – 5 адам.

- 20 сәуірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны – 1 311 адам, қайтыс болған – 2 адам.

«Моңғолия аумағында коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдардың жалпы саны 23 621-ге жетсе, оның 20 857-сі елдің астанасы Ұланбатыр қаласында тіркелген және барлығы 51 адам қайтыс болды. Қайтыс болғандардардың жасы 34-75 аралығында. Қазір 3 520 адам емделіп жатыр, оның 63-інің жағдайы өте ауыр.

Жоғарыдағы көрсеткіштер биылғы ақпан-наурыз айларымен салыстырғанда (COVID-19 вирусына жұқтырған адамдар саны 300-400 болды) 2 есе көп, сондай-ақ аталған мерзімде адам өлімінің саны 3 есе аз болатын. Жағдайдың осылайша ушығуы моңғол билігін ел аумағында карантинді күшейтуге және шектеу шараларын қайта енгізуге мәжбүрледі», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, 19 сәуірден бастап Ұланбатыр қаласындағы COVID-19 вирусына қарсы екпе жүргізудің 34 орталығында 23 ақпаннан бастап AstraZeneca екпесінің бірінші дозасын қабылдаған адамдарға осы екпенің екінші дозасын егу жұмыстары басталды.

Бұдан басқа, жергілікті билік 1 мамырдан бастап халықаралық әуе қатынастарын қалпына келтіру бағытында жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта мамыр айында «MIAT», «Turkish Airlines», «Asiana Airlines», «Korean Air» және «Busan Air» әуе компаниялары жүзеге асыратын 16 арнайы әуе рейсінің кестесі жарияланды.

Коронавирус індетіне қатысты жағдайдың күн сайын ушығуына байланысты Моңғолияның Денсаулық сақтау министрлігі ел үкіметінің қарауына қатаң карантин мерзімін тағы 2 аптаға созу жөнінде ұсыныс енгізді. Тиісті шешім осы аптаның соңына қарай қабылданбақ.


Соңғы жаңалықтар