Моңғолия Президенті қазақ тілінде ұстаздар даярлайтын факультет ашу туралы айтты - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Моңғолия Президенті моңғол-қазақ тілінде ұстаздар даярлайтын факультет ашу туралы айтты – KAZNEWS

Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх Ұлттық тіл саясаты кеңесінің төрағасы С.Дулам және кеңестің бірқатар мүшелерін қабылдады, деп жазады Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы.

«С.Дулам бастаған кеңес мүшелері Президентке моңғол тілінің емле сөздігі, этнографиялық тіл, диалектік зерттеулер, терминология, тасқа жазбаша жазылған мәдени мұраны қорғау, моңғол жазуының халықаралық стандарттық код жүйесін қалыптастыру және Моңғол тілінің ұлттық бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстар туралы таныстырды.

Кездесу барысында ел Президенті алдағы уақыттарда Моңғолияның ұмытылған және өзгертілген географиялық атауларын қалпына келтіру мен қорғау туралы жарлық шығарып, ұлттық деректер қорын құру тиімділігін атап өтті. Сонымен қатар криллица мен моңғол жазуын қатар қолданатын компаниялар мен ұйымдарға белгілі мөлшерде салық жеңілдігін көрсететін мүмкіндік туғызатынын айтты.

Қос тілде білім алуды заңдастыру, Моңғолияның Мемлекеттік ұстаздар университетінде моңғол-қазақ және моңғол-тыва тілінде бастауыш сынып ұстаздарын даярлайтын факултет ашуға, шетелдегі моңғол балаларының моңғол тілін үйренуіне назар аудару, Моңғол тілінің үлкен сөздігін құрастыруға байланысты қаражаттарды шешу керек деді», - деп жазды Kaznews.


Қытайдың беделді республикалық басылымы қазақ тілінде шыға бастады - «Жэньминь жибао» (People Daily)

Елдегі іргелі басылымның бірі, Қытайдың мемлекеттік билік партиясының орталық газеті саналатын «Жэньминь жибао» (People Daily) сайты қазақ тілінде кириллица қарпімен шыға бастады, деп жазады Қытайлық kazakh.people.com сайты.

««Жэньминь жибао» (халық газеті) сайты шетелге бағытталған ақпарат тарату көлемін, аудиториясын кеңейту мақсатымен қазақ(кириллица), итальян, суахили тілдеріндегі нұсқасын жаңадан ашты. Сайт алдағы уақытта Қытайдың саясаты, экономикасы, қоғамы, мәдениеті, ғылымы мен білімі секілді көптеген салаларынан ақпарат таратады. Осылайша «Жэньминь жибао» сайты жаңадан қосылған үш тілмен бірге, бұрынан бар ағылшын, жапон, француз, испан, орыс, араб, корей, неміс, португал секілді 12 шет тілінде хабар тарату мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бірге Қытайдағы қазақтарға арналған қазақ тіліндегі төте жазу нұсқасы да көп жылдардан бері жұмыс жасап келеді», - деп жазады People Daily.

Айта кетейік, «Жэньминь жибао» қытай тілінде «Рін мин ры бау» деп дыбысталып, қазақшаға аударылғанда «Халық газеті» деп аталады. Газет 1948 жылдан бері жарық көріп келеді. 1997 жылы газеттің сайт нұсқасы жасалып, ғаламтор арқылы әлемге жаңалықтарын тарата бастады. 2000 жылы сайт нұсқасы атауын «Жэньминь уаң» («Рін мин уаң» - «Халық сайты») деп өзгертті.


Ташкентте Өзбекстаннның Тұңғыш Президентін еске алу шарасы өтті - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев 2 қыркүйек күні Өзбекстан Республикасының Тұңғыш Президенті Ислам Каримов атындағы ғылыми -ағартушылық мемориалдық кешеніне барып, ондағы Тұңғыш Президент ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Мемлекет басшысының 2017 жыл 25 қаңтардағы жарлығына сәйкес, 2 қыркүйек Тұңғыш Президентті еске алу күні ретінде аталып өтеді. Тұңғыш Президентті еске алу шарасы аясында Ислам Каримовтың атындағы мемориалды кешенінде марқұмның рухына арналған Құран оқылды. Шавкат Мирзияев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты рәсімде Ислам Каримов Өзбекстанның тәуелсіздігін жариялап, тарихымыздың ең қиын және ауыр кезеңінде елімізді басқарғанын атап өткен болатын. Еске алу шарасына Өзбекстан Республикасы «Олий Мажлис» Сенаты мен Заң шығару палатасы, Президент Әкімшілігі, Министрлер Кабинеті, министрліктер мен ведомство өкілдері және астаналық жұртшылық қатысты. Бұдан бөлек Ислам Каримовтің Самарқанд пен Қаршыдағы мүсіндеріне де гүл шоқтары қойылды», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.


Түркияның олимпиада ойындарына қай жылы қатысқанын білесіз бе? - TRT

1908 жылы олимпиадаға қатысқан гимнасшы Алеко Мулос ресми түрде Түркия атынан олимпиадаға қатысқан алғашқы спортшы болды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Осман мемлекеті Афинада ұйымдастырылған 1906 жылғы «Аралық олимпиада» ойындарына спортшылар жіберген. Ал 1908 жылы олимпиадаға ресми түрде Түркия атынан гимнастикашы Алеко Мулос қатысқан. Сондай-ақ, 1908 жылы бүгінгі Түрік Ұлттық олимпиадалық комитетінің негізін құрайтын Осман мемлекеті Ұлттық олимпиадалық комитеті құрылады. Түркияның Олимпиада тарихының алғашқы алтын медалін 1936 жылы Берлинде балуан Яшар Еркан жеңіп алады. Ал соңғы Токиодағы Олимпиада-2020 Түркияның 13 медальмен ең көп медальға қол жеткізген олимпиада ойындары болды.



Соңғы жаңалықтар