Миялы қорғанынан табылған жауынгердің бас сүйегін Мажарстан ғалымдары зерттейтін болды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Венгрия Республикасының антрополог және археологтарын қабылдады,- деп хабарлайды облыстық коммуникациялар қызметі.

Мажарстанның ғалымдары Атырауға арнайы мақсатпен келген. Олар Қызылқоға ауданы Миялы қорғанынан табылған «темір сауытты» баһадүрдің бас сүйегіне антропологиялық және радиокорбондық зерттеулер жүргізіп, реконструкциялық мүсінін жасайды. Олардың қатарында Венгр жаратылыстану ғылымдары музейінің антропологы, Мажар-Тұран қорының президенті Андраш Жолт Биро, Венгр жаратылыстану ғылымдары музейінің антропологы Жолт Бернерт пен Венгр жаратылыстану ғылымдары музейінің археологы, сарапшы-техник Норберт Гогош бар.
Өз сөзінде аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов Тәулсіздік алғаннан бері ұлттық тарихты түгендеуге қатысты ауқымды жұмыстар толассыз жасалып келе жатқанына тоқталды. Сонымен қатар, ежелгі тарихты бүтіндеуде мажар ғалымдарының мол тәжірибесінің пайдасы тиетініне сенетінін жеткізді.
«Тарихшыларымыз Атырау өңірінде әлі зерттеуді қажет ететін 700-ден астам қорған бар дейді. Олардың зерттелгендері саусақпен санарлық. Қазіргі таңда көне Сарайшық қаласында қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны әлі де тереңдете түсуді ойластырып отырмыз. Сондай-ақ, соңғы жылдары көптеген құнды жәдігерлер де табылуда.
Жалпы еліміздің тарихы терең екенін жақсы білесіздер. Зерттеу жұмыстарына заманауи технологияларды пайдалана отырып жүргізу, ашылған жаңалықтарды әлемдік деңгейде ғылыми айналымға енгізу сияқты жасалатын жұмыстар көп. Бұл ұлтымыз үшін, келешек ұрпақ үшін жасайтын басты міндеттеріміздің бірі деп санаймын. Бұның барлығы айналып келгенде жас буын үшін тарихи сана қалыптастырудың негізі болмақ»,- деді Махамбет Досмұхамбетов.
«Қазақстан біз үшін екінші Атамекеніміз. Өйткені, бабаларымыз өз дәуіріне осы ұлы даладан қоныс аударды»,-деді Венгр жаратылыстану ғылымдары музейінің антропологы Андраш Жолт Биро. Оның сөзінше, көшпенділер өркениеті адамзат үшін әлемдегі теңдессіз жетістіктердің бірі екеніне тоқталды. Сондай-ақ ол «Біз сонау ғұн тайпаларынан бастап зерттеу жүргізіп келеміз, негізінен мажарлар мен қазақтардың араларында тарихи ұқсастықтар көп. Бес қаруын сайланған батырлардың өмір жолдары кім-кімді де бей-жай қалдырмайды, мүмкіндік болса алда көптеген жұмыстар күтіп тұр деп ойлаймын»,- деді
Сондай-ақ, Мажарстанда көшпенділдердің өркениетін паш етуге арналған екі жылда бір рет болатын Тұран құрылтайының ұйымдастырушысы екеніне тоқталған Андраш Жолт Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетовті тамыз айында өтетін кезекті ауқымды іс-шараның мәртебелі қонағы болуға шақырды.


Соңғы жаңалықтар