Митингте БАҚ құқығы шектеліп жатса, әкімдік оны тіркеп отыруы керек – Тамара Калеева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының президенті Тамара Калеева бейбіт жиындарға қатысатын журналистердің құқығын қорғауға қатысты өз ұсынысын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ашықтығын атап өткім келеді. Бүгінге дейін мұндай шынайы конструктивті талқылау көп болған емес. Біз бұл мәселені өз ұжымымызда ғана талқылайтын едік. Атап айтқанда кеше біз өз бастамамызбен «Әділ сөз», Internews, Құқықтық медиа-орталық, Информбюромен бірігіп, шағын талқы өткіздік. Әлбетте бұл ережелердің ең бір артықшылығы – баспасөз орталықтарын құру. Әу баста бұл қадам журналистердің құқығын шектеуі мүмкін деген пікір айтылған еді. Алайда ережелер бойынша жүргізілген жұмыс бұл қауіпті сейілткендей болды», - деді Тамара Калеева Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның қатысуымен өткен онлайн-кездесуде.

Қоғам өкілі талқылануы тиіс мәселелерді ортаға салды.

«Бейбіт жиналысқа қатысатын журналист» деген атаудың өзін ажыратып алайық. Ол бейбіт жиналысқа қатысушы, көрермен немесе журналист ретінде қатыса ма? Біз өзіміздің ұсынысымызды ортаға салып, «бейбіт жиында ақпаратты жинау, даярлау және тарату бойынша кәсіби қызметін атқаратын журналистік жұмыс» деп енгіздік. Бізге атауды өзгертпек керек. Себебі заңда әу бастағыдай жазылған деді. Заң болса болсын, дегенмен қағидаттағы атауды осылай өзгертуді ұсынамыз», - деді ол.

Сонымен қатар әкімдіктерге бейбіт жиындарда БАҚ құқығы шектеліп жатса, әкімдік оны тіркеп отыруы керектігі ұсынылған.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл мәселе Қылмыстық кодекс шеңберінде реттелетінін хабардар етті. Бірақ біз іс қозғау туралы емес, құқықтың шектелуін тіркеу туралы айтып отырмыз. Яғни журналисті бір жерге кіргізбей жатса немесе қолынан камераны тартып алса, оны тіркеуге бола ма?», - деп ұсынысын енгізді Тамара Калеева.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Facebook парақшасында журналистердің бейбіт жиындарда қызмет ету қағидалары талқыланған болатын.

Онлайн-кездесу барысында БАҚ басшылары бейбіт жиналыстарға қатысатын журналистердің құқығын қорғап, жұмысын жүргізуге қатысты бірқатар ұсынысты ортаға салды .


Соңғы жаңалықтар