Митинг туралы заң «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы көріністерінің бірі - сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова Мәжіліс қабылдаған «ҚР-да бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қолдады және «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» жаңа заң қабылданды. Мемлекет басшысы жиналыстарды, митингілер мен демонстрацияларды өткізу рәсімін жаңа заңнамалық ресімдеуді қажет ететініне өткен жылдың маусым айының ортасында назар аударды. Заң жобасын әзірлеу барысында қоғамдық ұйымдар мен қайраткерлерді талқылау процесіне тарту үшін жағдайлар жасалды. Сарапшылар, азаматтық қоғам мен Қоғамдық кеңестердің өкілдері өз пікірлерін білдірді. Жаңа заңды әзірлеу процесінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі ерекше рөл атқарды. Нәтижесінде митингілер мен бейбіт жиналыстардың басқа да нысандарын ұйымдастыру процесін реттейтін ережелер ғана емес, сондай-ақ қоғамдық өмірдің осы түрін қабылдаудың өзі де өзгерді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бейбіт жиналыстар - митингтер, демонстрациялар, манифестациялар азаматтық қоғам мен билік диалогының бір түрі. Осылайша, осы саладағы заңнаманы ырықтандыру «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы көріністерінің бірі болып табылады.

«ҚР Парламентінде қабылданған заң митингілерді өткізудің хабарлама тәртібін енгізеді және артық бюрократияны жою мақсатында митингілерді өткізуге өтінім беру рәсімін жеңілдетеді. Жоспарланған іс-шаралар туралы хабарлау мерзімдері, сондай-ақ атқарушы билік органдарының өтінімді қарау мерзімдері айтарлықтай қысқарды. Журналистердің жұмысын ұйымдастыру тәсілдерінің өзгеруі де маңызды болып табылады. Жаңа Заң журналистердің қызметін шектейтін қандай да бір тыйым салулар мен міндеттерді қамтымайды», - деді Зарема Шәукенова.

Институт директорының айтуынша, Заңды дайындау процесінде митингілерді өткізу орындарын анықтау тәсілдеріне ерекше назар аударылды. Заңға сәйкес пикеттер заң нормаларымен тыйым салынбаған кез келген жерде өткізілуі мүмкін. Митингтерге келетін болсақ, олар үшін қаланың немесе ауылдың орталық аудандарында арнайы орындар бөлінуі тиіс. Оларды анықтау кезінде жергілікті билік өткізілетін жиналыстар митингіге қатыспайтын азаматтардың күнделікті өміріне жағымсыз әсер етпейтінін алдын ала ойлауы қажет.

«Жиналыстың жекелеген қатысушыларының іс-әрекеті орынсыз немесе заңдарды бұзатын болса, бұл жиналыстың өзін тоқтатуға негіз болмайтындығы маңызды болып табылады. Заң бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың денсаулығын сақтау мақсатында жеке қорғану құралдарын пайдалану құқығын бекітеді. Жаңа эпидемиологиялық жағдайда тұлғаны жасыратын және қатысушылардың бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киімді қолданбау туралы талап митинг өткізу құқығына кедергі келтіруі немесе азаматтардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан бұл норма Заңнан алынды», - деді сарапшы.

Оның айтуынша, Заң жобасы оны дайындаудың барлық сатыларында әртүрлі қоғамдық алаңдарда белсенді талқыланды, парламенттегі жұмыс топтарының барлық отырыстары ҮЕҰ өкілдерінің, құқықтанушы ғалымдардың, саясаттанушылар мен сарапшылардың қатысуымен ашық және жария түрде өтті. Құжатқа қатысты жұмыс үнемі БАҚ-та жарияланып отырды.

«Сенаттың жекелеген нормаларды жақсартуға бағытталған барлық ұсынылған түзетулері Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасы мен мазмұнына өзгеріс енгізбейді. Парламент қабылдаған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заң ҚР Президентінің қол қоюына берілді», - деді институт басшысы.

Айта кетейік, бүгін Мәжіліс депутаттары «ҚР-да бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қолдап, дауыс берді.



Соңғы жаңалықтар