Митинг өткізуге қатысты барлық мәселелер реттелді - Айдос Сарым

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бейбіт жиналыстар өткізу - елдің саяси процесі мен саяси мәдениетінің бір бөлігі. Мұндай пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым «Бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңның қолданысына шолу» талдамалы баяндамасының таныстырылымы кезінде айтты, деп хабарлайды Қазқпарат тілшісі.

Айдос Сарым өз сөзінде ел Президенті қабылдаған заң жобаларын талқылау жақсы дәстүрге айналғанын атап өтті.

«Бүгін біз бейбіт жиналыстарды өткізу туралы заңды талқылап жатырмыз. Менің ойымша, бұл өте жақсы дәстүр. Өйткені Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде мақтанатын нәрсе бар. Нақты жетістіктер, нақты заң жобалары бар, олар қазірдің өзінде заң түрінде ресімделген. Олар қабылданады, ратификацияланады және орындалып жатыр. Біздің елде митинг, пикет өткізуге деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Егер осыдан екі- үш жыл бұрын халық митингіден үрейленсе, бүгінгі күні ол саяси шараға айналды. Ең бастысы жаңа тәртіп орнады. Ол бұрынғысына қарағанда әлде қайда жұмсақ, демократиялы десекте болады»,- дейді депутат.

Сонымен қатар, ол қазір үлкен іс -шараларды өткізуге пандемия кедергі келтіріп жатқанын айтты.

«Қазір әр қалада митинг өткізетін орындар саны көбейді. Пандемияның шектеуі демесек, негізі митинг қарапайым, саяси құралға айналды деп айтуға болады. Заң қабылданған кездегі басты міндет - заңды орындау заңды орындамаудан тиімді болу керек. Меніңше бұл принцип бар. Егер, ешқандай кедергісіз, заң талабында митинг өткізетін болсаңыз ешқандай шектеу болмайды. Митинг өткізуге қатысты барлық мәселелер реттелді. Бейбіт жиналыстар өткізу - елдің саяси процесі мен саяси мәдениетінің бір бөлігі десек те болады»,- дейді Айдос Сарым.

Еске салайық, Алматыда танымал сарапшылар бейбіт жиналыстар туралы заңның нәтижесін талқылап жатыр.



Соңғы жаңалықтар