Міржақып Дулатұлының қайраткерлік мұрасы - ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі - Дихан Қамзабекұлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ағартушы Міржақып Дулатұлы әдебиетке және оның биiк тұлғасы Абайға ұлт тағдыры, ұлт мүддесi тұрғысынан қараған. Бүгін «Оян, қазақ!» онлайн конференцияда Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақ жол» партиясының ұйымдастыруымен Міржақып Дулатұлының туғанына 135 жыл толуына орай өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алаш тұсындағы қоғамдық-саяси iсте Әлихан мен Ахмет сапынан табылған, осы екi тұлғаның әлеуметтiк-рухани қызметiне тыныс болған азаматтың бiрi – Мiржақып Дулатұлы. Ұлттық манифеске баланған «Оян, қазақ!» пен тұңғыш қазақ романының авторы жаңа руханият ғимаратын тұрғызу шарасының жуан ортасында жүрдi. Қаламгердiң әдеби-эстетикалық ой-тұжырымы ХХ ғасыр басында жетекшi күшке айналған – ұлтты ұйыстыру және өркендету идеясын тиянақ етушi ағымды байытты. Мiржақыптың көркемдiк туралы пайымдарын сөз еткенде, мына жайды ескеру керек тәрiздi: бiрiншiден, ол – поэзия мен проза тiлiнде үйлесiмдiктi сомдауға талап қылған туындыгер; екiншiден, ол әсемдiк пен әдебиет миссиясы туралы пiкiр бiлдiрушi қаламгер. Бұл мәселеде оның позициясы Ахметтiкiне ұқсайды. Екеуi де «шабыты тасығаннан» қолына қалам алмағанын жазады», - деді Д. Қамзабекұлы Міржақып Дулатұлының туғанына 135 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Оян, қазақ!» онлайн конференциясында.

Осы орайда ол Мiржақып азамат, жауапкершiлiктi сезiнетiн ақын-жазушы болуға тырысқанын атап өтті. Бұл оның - үлкен қайраткерлiгi едi. Сондықтан М.Дулатұлы – саясатта да, әдебиетте де қайраткер.

«ХХ ғасыр басындағы iлгерiшiл руханият үшiн Абай – сапалық деңгейге көтерiлудiң рәмiзi болғандықтан, Мiржақып та бұл құбылысқа өзiнше қарады. 1908 жылы татардың «Уақыт» газетiне жазған «Ибраһим ибн Құнанбаев» атты мақаласында ол Ресей құрамындағы түрiк халықтарын ұлы ақын мұрасымен, ғұмырбаянымен таныстырады. Қаламгер мұнда Абайды елшiл ақын ретiнде көрсете алған. М.Дулатұлының Абай туралы екiншi мақаласы Абай қазасының он жылдығын еске алу орайында 1914 жылы «Қазақ» газетiнде жарық көрдi. Мұнда қаламгер Абайдың шағын ғұмырбаянын, ол туралы еңбек жазғандар мен мұрасын құнттағандарды сипаттап өтiп, әдебиет пен ұлт, әдебиет пен тұлға арақатынасы проблемасына нақты тоқталады.

Мiржақыптың бiрiншi мәселе бойынша пайымы: «Тарихы, әдебиетi жоқ халықтың дүниеде өмiр сүруi, ұлттығын сақтап iлгерi басуы қиын. Әдебиетi, тарихы жоқ халықтар басқаларға сiңiсiп, жұтылып жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны - әдебиет. Жансыз тән жасамақ емес». Екiншi мәселе бойынша пiкiрi: «Әдебиетiмiздiң негiзiне қаланған бiрiншi кiрпiш – Абай сөзi, Абай аты боларға керек. …Ең жоғары, ардақты орын – Абайдiкi. …Зәредей шүбә етпеймiз, Абайдың өлген күнiнен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз». Бұдан шығатын қорытынды: ағартушы М.Дулатұлы әдебиетке және оның биiк тұлғасы Абайға ұлт тағдыры, ұлт мүддесi тұрғысынан қараған. Мiржақып үшiн жан таза болса - әдебиет те таза, тұлға арлы болса – сонынан ергендер де арлы», - деді ғалым.

Д. Қамзабекұлының айтуынша, М.Дулатұлы жаңа әдебиеттiң зәулiм шаңырағын көтеруге жан-тәнiмен кiрiстi: Абай бастаған игiлiктi iстi салаландыруға, дараландыруға жәрдемдестi. Мұны ол оқыған азамат ретiнде және қолына қалам ұстаған жазушы ретiнде өзiнiң парызы санады.

«Міржақып серпінді ағартушылық реңкi анық ХХ ғасырдың басындағы ой-сана ағымын осы бiлiгiмен толықтырды. Оның қайраткерлік және қаламгерлік мұрасы - ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі деуге толық негіз бар», - деді ғалым.

Айта кетейік, бүгінгі конференция «Ақ жол» партиясының ұйымдастыруымен Міржақып Дулатұлының туғанына 135 жыл толуына орай өткізілді.


Соңғы жаңалықтар