Министрлік вакцина алмаған балалар мектепке кірмейді деген ақпаратқа қатысты түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда вакцина салдырмаған жасөспірімдер мектепке кіргізілмейді деген мәліметке қатысты еліміздің Денсаулық вице-министрі Ажар Ғиният түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Вакцинаны балаларға міндеттеп салғызады деп жатқан ата-аналарға айтарым, уайымдамаңыздар. Шешімді сіздер қабылдайсыздар, ешкім ата-ананың рұқсатынсыз балаға екпе салмайды. Дегенмен ойлануға шақырамыз, алдымен баланың денсаулығын. Осы орайда мен сіздерге статистиканы келтіріп кетейін. Бүгінді таңда еліміз бойынша 15 мың бала коронавирус инфекциясының орта ауыр және ауыр түріне шалдығып, ем алды. Сондай-ақ, 44 бала аталған індеттің жеңіл түрімен ауырып шығып, кейін қайта жұқтыру жағдайы тіркеліп отыр. Өкініштісі сол, балалар коронавируспен ғана күресіп жатқан жоқ, оны жұқтыру салдарынан басқа ауру түрлерін асқындырып алып жатыр», - деді Ажар Ғиният танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында.

Сондай-ақ, вице-министр балаларға күштеп немесе міндеттеп вакцина салады дегеннің құр қауесет екенін айтты.

«Вакцина алмаған балаларды мектепке кіргізбей қояды деген жалған. Бізде ондай мақсат жоқ. Бүгінде елімізде 26 мыңнан астам бала екпе салғызды. Мен осы күндері бірқатар емхана мен мектепте болдым, сонда ата-анасымен келіп вакцина алып жатқан балалардың қарасы баршылық»,- дейді ол.

Бұған дейін А. Ғиният елімізде жыл басынан бері 25 мың жүкті әйелдің коронавирус індетіне шалдыққанын айтты.


Соңғы жаңалықтар