Министрлік Ресей арқылы елге оралатын туристерді тасымалдау тәртібін түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасының міндетін атқарушы Дастан Рыспеков Ресей арқылы елге оралатын туристердің чартерлік рейсіне қатысты жағдай туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, тұрақты рейстермен 1879 адамның 1695-і Қазақстанға қайтып келді. Қазіргі уақытта шетелдегі 379 азаматты қайтару керек, оның ішінде 319 қазақстандық 23-ші наурызға дейін Ресей арқылы транзитпен қайтады.

«Шетелдік, соның ішінде қазақстандық азаматтардың Ресей Федерациясы аумағына кіруіне тыйым салу мәселесі орын алды. Осыған байланысты 19-20 наурыз аралығында ұшып келген Қазақстанның 55 азаматы Ресей әуежайларының транзит аймағында калып, Қазақстанға орала алмады. Бұл мәселе ел басшылығы тарапынан шешімін тапты. Алдағы 2-3 күн ішінде Ресей Федерациясы арқылы елге транзитпен келе жатқан қазақстандық туристер осындай қиындықтарға тап болмайды деп үміттенеміз», - деп атап өтті спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Сонымен бірге, комитет өкілі Ресей арқылы елге жететін қазақстандықтарға жайлылық пен ыңғайлылыққа кепілдік бере алмайтындарын айтты.

«Жайлылық пен ыңғайлылыққа 100% кепілдік бере алмаймыз, себебі елге оралу кезінде әртүрлі елдерден келген топтарды жинақтау біраз уақыт алуы мүмкін. Мысалы, Доминикана, Вьетнам, Тайланд, Куба және басқа да елдерден 5-30 адамға дейінгі топтар ұшып келеді және ұшақты тиімді бағыттау үшін оларды кем дегенде 100 адамнан тұратын топқа жинау керек. Барлық рейстерді ҚР Үкіметі «Туристік Қамқор« қорының қаражаты есебінен ұйымдастыратынын атап өткен жөн», - деді Дастан Рыспеков.

Айта кетейік, 18 наурыздағы жағдай бойынша шетелде туристік опеторлар арқылы демалып жатқан қазақстандықтар саны 5 914 адамды құраған. Оларды қайтару үшін 18 наурыздан 23 наурызға дейін 19 чартерлік рейс жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар