Министрлік Bek Air ұшағы екінші ұшқышының қайтыс болуына қатысты түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев апатқа ұшыраған Bek Air ұшағы екінші ұшқышының қайтыс болуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кез келген адамның өлімі фактісі бойынша қажетті сот-медициналық зерттеу тағайындалады. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, аталған жағдайда ұшқыштың қайтыс болуына әуе апатындағы жарақаттар немесе басқа да криминалдық факторлар себеп болып отырған жоқ. Бұл тұрғыда мәселе оның денсаулығына қатысты болып тұрған сияқты. Дегенмен де нақты себепті сот-медициналық сараптама көрсетеді», - деді М. Қожаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Осы орайда сот-медициналық сараптамаға 30 күндей уақыт керек екендігін де атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 28 қаңтарда Алматы маңында ұшақ апатынан жарақат алған екінші ұшқыш қайтыс болды.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, пилот 21 қаңтарда №4 қалалық клиникалық ауруханадан емханада амбулаториялық емделуге жағдайы тұрақты күйде үйіне шығарылған.

«Емханада кардиолог, хирург, терапевт, психологтардың қарауында болған. Бүгін сағат 18.00-да Жедел жәрдем қызметіне оның жағдайы кенет нашарлап кеткені жөнінде шақырту түскен. Жедел жәрдем дер кезінде келді, жүрек қызметін қалпына келтіру жөніндегі барлық реанимациялық іс-шаралар жасалды, алайда оның барлығы нәтижесіз болды», - деп мәлім етті басқарма өкілі.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі мінген ұшақ апатқа ұшыраған болатын. Әуе кемесінің командирі 57 жастағы Марат Мұратбаев оқиға орнында қаза тапты.


Соңғы жаңалықтар