Министрлік «Артспортқа» қатысты кейбір үйірмелерді жазалауды ұсынды

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада «Артспорт» жобасына қатысты қоғамдық тыңдау өтті. Іс-шараға Мәдениет және спорт министрлігінің, «Атамекен» ҰКП-ның, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ата-аналар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде заңдамада өздерінің міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамайтын спорттық және шығармашылық тапсырыстар бойынша қызметтерді жеткізушілердің жауапкершілігі көзделмеген. Осы орайда балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық секциялар мен үйірмелерде мемлекеттік спорт және шығармашылық тапсырыстар талабының сақталуына бақылау жүргізу құзіретін жергілікті атқарушы органдарға жүктеу ұсынылады», - деді іс-шара барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова.

Оның атап өтуінше, 2020 жылы қолданыстағы заңға жан басына қаржыландыруға қатысты түзетулер енгізілді. 2021 жылы заң күшіне еніп, мамыр айынан бастап жан басына қаржыландыру жүзеге аса бастады.

«Бірақ бүгінге дейін аталған қызметті көрсетуге қатысты сұрақтар туындап келеді. Сондықтан мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты орындауға қатысатын жеке кәсіпкерлік субъектілері заң бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу ұсынылып отыр», - деді ол.

Күміс Сейітованың айтуынша, заң бұзушылық бірінші рет тіркелгенде ескерту түріндегі әкімшілік жаза белгілеу қажет. Ал одан кейін қайталанған жағдайда жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш (61 260 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30 АЕК (91 890 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК (153 150 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК (306 300 теңге) мөлшерінде айыппұл салу көзделеді.

«Мемлекеттік спорт және шығармашылық тапсырыстарды тиісті деңгейде орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу тараптарға оң әсерін тигізеді», - деді Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі.


Соңғы жаңалықтар