Министр коронавирустың ресми статистикасынан бөлек тағы 37 адам көз жұмғанын айтты
Елжан Біртановтың атап өтуінше, бүгінге дейін коронавируспен тіркелген 12 124 адамның 48-і қайтыс болды. Бұл - науқастардың 0,4 пайызы.
«Әрине, бұдан бөлек 37 жағдайда басқа аурудан қайтыс болған науқаста коронавирус болғандықтан, олар да тіркеуге алынды. Бірақ, біздің ресми статистикаға кіргізген жоқпыз. Оның себебі - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тәртібі, регламенті бойынша диагноз қоямыз», - деді ол.
Министрдің сөзіне сенсек, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың 1 пайызы ғана ауыр жағдайда. Бұған қоса елімізде 100 мың тұрғынға шаққанда вирустан көз жұмғандардың үлесі - 0,3 пайыз.
«Бұл өзге көптеген елдерге қарағанда айтарлықтай төмен көрсеткіш саналады. Бұған қоса, біз цифрлардың жасанды түрде төмендетілуіне жол бермейміз. Зертханада дәлелдендеген жағдайдың бәрін білеміз», - деді Елжан Біртанов.