Министр Дәленов көлік салығын төлеу мерзімін ауыстыруды ұсынды

None
None


НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Салық кодексіне өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді көздейтін заң жобасы бойынша сенаторлар алдында баяндама жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Руслан Дәленовтың айтуынша бұл құжат инвестиция тартуды ынталандыруға, бизнес ортаны дамытып, салықтық әкімшілендіруді жақсартуға бағытталған.

«Салық элементтерін өзгертпей жеке тұлғалардың мүлік және жер салықтарын біріктіру ұсынылады. Екі салық бірыңғай төлеммен төленеді. Бұл ретте көп пәтерлі тұрғын үйлердің иелері үшін жер салығын алып тастау ұсынылады. Сондай-ақ, салық төлеушілерге қолайлы болу мақсатында көлік салығын төлеу мерзімін осы жылдың 31 желтоқсанынан келесі жылдың 1 сәуіріне ауыстыру ұсынылады», - деді Руслан Дәленов Парламент Сенатының отырысында.

Сондай-ақ, Руслан Дәленов инвестициялық салықтық несиені енгізу ұсынылып отырғанын жеткізді.

«Несие корпоративтік табыс салығы және мүлік салығы бойынша

3 жылға пайызсыз берілетін болады, бірақ шарттар орындалмаған жағдайда өсімпұл есептеледі. Мақтаны қайта өңдеуге, ашытқы, кондитерлік өнімдер, қант қызылшасынан қантты өндіруге есептелген қосылған құн салығының сомасын 70%-ке азайту бойынша норманы қолдану ұсынылып отыр. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді, отандық тауар өндірушілердің өндіріс көлемін ұлғайтуды ынталандырады. Экспорт кезінде қосылған құн салығын қайтару рәсімін оңайлату мақсатында отандық өндірушілер үшін қосылған құн салығын жеңілдетілген түрде қайтару құқығын беру ұсынылады: яғни тексерусіз – 50%, тексеруден кейін – 50%. Көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасының компоненттерін өндіру үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдікті қолдану ұсынылады. Бұл отандық автокөліктердегі қазақстандық қамту үлесін арттырады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар