Министр Біржан Нұрымбетов ақтөбеліктерді жеке қабылдады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Жұмыс сапарымен Ақтөбеге келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында азаматтарды жеке қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбеліктер министрге заңсыз тағайындалған атаулы әлеуметтік көмекті қайтару, борыштық жүктемені азайту және мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру туралы сұрақтар қойды.

«Жаңа тәсілдер үш бағыт бойынша мемлекеттік көмек көрсетуді қарастырады. Біріншісі - республикалық бюджет арқылы көпбалалы отбасыларды қолдау. Бұл барлық көпбалалы отбасыларға, табысына қарамастан төленеді. Екіншісі - аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек. Оны тағайындаудың шекті өлшемі күнкөріс деңгейінің 70% деңгейінде қалады. АӘК алатын отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмысқа орналасуға ықпал ету шараларынан бас тартса, көмек беру тоқтатылады. Үшіншісі - әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық заттармен қамтамасыз етіледі. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен, мектеп киімдерімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар мектепке бару шығындары өтеледі. Медициналық көмек, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін болады», – деп түсіндірді Біржан Нұрымбетов.

Кейін министр нейропсихиатриялық ауруға шалдыққан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған «Жайна» оңалту орталығына барды.

«Мүгедектердің қоғамға толық араласуы үшін оңалту қызметтері өте маңызды. Қазақстанда осы бағытта жұмыс істейтін түрлі ұйымдар көбейіп келеді. Кеше ғана біз «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» VII республикалық байқауының қорытындысын шығардық. Осы жылы көптеген жобалар финалға шықты. Енді жоба аясында мүгедектерге нақты көмек көрсетілді. Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, олардың құқықтарын іске асыру және қорғау біздің министрлік қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады», – деп атап өтті ведомство басшысы.

Еске салсақ, Ақтөбе облысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы келді. Оның құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов пен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бар.

Соңғы жаңалықтар