Министр: Ақыртас - буддалық немесе несториандық монастырь деген болжам бар

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбуктегі парақшасында Ақыртас қалашығын жан-жақты зерттеу қажеттігі туралы жазды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

А.Мұхамедиұлы кеше Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барып, Тараздан 40 шақырым қашықтықта орналасқан VIII-IX ғасырларда салынған, республикалық маңызға ие көне  ескерткіштердің бірі - Ақыртас сарай кешенін аралаған.

«Бұл - ерекше, киелі жер!», - деп жазды А.Мұхамедиұлы.

«Жолда біз тас қалаға тап болдық: тастары қанық қызыл түсті, - деп келтіреді министр ежелгі жазба деректегі сөзді. - Көне әскери тұрақтың іздері бар. Батыс жағында Жеті қарақшы жұлдыздарынша орналасқан биік мола үймелері бар». Бұл сөздер 1222 жылы Қытайдан Самарқанға сапар шеккен даостық монах Чан Чуннің күнделігіндегі Ақыртас туралы тұңғыш жазба деректе келтірілген.

Министрдің ақпараты бойынша, осы алып кешенді кім және не үшін тұрғызғаны әлі анықталмаған.

«Ақыртас - буддалық немесе несториандық монастырь деген болжам бар. Орта Азиядағы араб билеушісі өкілінің сарайы, Ескендір Зұлқарнай салғызған Шығыл қалашығы деген де көзқарас бар. Ғалымдардың көпшілігі сарай кешені арабтардың Орта Азияны жаулап алу жорықтарын ұйымдастырушы Мүсілім Кутейбаның жарлығымен салынған деген пікірге саяды. Алайда кешен құрылысы аяқталмаған, себебі Кутейбаны Бағдатқа шақырып, бөліп-жару саясатын ұстанды деп кінәлап, өлім жазасына кескен», - деп жазды министр.

А.Мұхамедиұлы бұл құрылыстың параметрлеріне таңғалған. «Бұл - тұрғын үйлері, қоймалары, су құбыры бар алып кешен болған, ұзындығы 205 м, көлденеңі 185 м. Ақыртаста жер асты кіру есігі, қалың іргетас болған. Іргетас жалпақтығы 4 метр, тереңдігі 4 метр төртбұрышты қашалған тастардан қаланған! Бұл бірегей құрылыс Мысыр пирамидаларына ұқсас деген де пікір бар. Ал енді диаметрі 5 метр колонналарды елестетіңіздерші! Осындай 30-ға жуық колонналар ғимараттың төбесін ұстап тұрған. Түркі және араб мәдениетінің ізі байқалатын, қызыл тастан қашалған қабырғаларының қалыңдығы 2-3 метр құрайтын алып кешен болған», - деп атап өтті ведомство басшысы.

ҚР Мәдениет және спорт министрі 2014 жылы Ақыртастың ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілгенін атап өтті. «Қазіргі таңда Ақыртас ерекше қуат пен күш орны болып саналады, мұнда шетелдік туристер келіп, зиярат етеді, алайда қазақстандықтар бұл жерді біле бермейді. Бір жыл бұрын жұмбағы көп нысанды Қазақстанның Киелі жерлері картасына кіргіздік, енді көне қаланы жан-жақты зерттеу мәселесін көтеріп отырмыз», - деп жазды А.Мұхамедиұлы.

Соңғы жаңалықтар