Министр Абаев қазақстандықтар Қытайдан қалай эвакуацияланғанын айтып берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қытайдың Ухань қаласынан қазақстандықтарды эвакуациялау мәселесі Президенттің тікелей бақылауында болды. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтарымызды эвакуациялау мәселесі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында болды. Бастапқыда-ақ өз азаматтарымызды қиындықта қалдырмаймыз деген ұстаным болды. Әрине, халық оларды тез арада эвакуациялауды талап етті. Бірақ, мұндай мәселеде асығыстыққа жол берілмейді. Үкімет, оның ішінде Денсаулық сақтау, Сыртқы істер министрліктері, Азаматтық авиация комитеті ұйымдастыру жұмыстарымен қатар айналысты. Санавиация бортынан бастап, арнайы корпусқа дейін әзірледі. Қытайлық тараппен маңызды дипломатиялық келіссөздер жүргізілді. Бұл ретте, қытайлық тарапқа түсіністік танытқаны үшін алғыс айтуымыз керек», - деді министр «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Сонымен бірге, министр шетелдік азаматтарды құтқаруға наразы болғандарға жауап берді.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының барлық талаптары ескеріліп, эвакуацияланған қазақстандықтар бөлек ауруханаға жатқызылды. Оған қоса, Беларусь, Қырғызстан, Армения азаматтары да бар. Әлеуметтік желіде «шетелдіктерді неге құтқардыңдар?» деген пікірлер қайран қалдырды. Ал кеше, Сыртқы істер министрлігі Ресей мен Өзбекстанның арнайы ұшақтары арқылы 8 қазақстандықтың эвакуацияланғанын хабарлады. Біздің үкіметтер ортақ қиындықта бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Меніңше, дәл осы ұстаным мәселені тезірек реттеуге ықпал етеді», - деді Дәурен Абаев.

Айта кетейік, 2020 жылдың 2 ақпанында ҚР ДСМ-нің Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығы Қытайдың Ухань қаласынан 83 қазақстандықты, оның ішінде 80 студентті елге жеткізді.

Ал 5 ақпанда Қазақстанның 8 азаматы Ухань қаласынан Ресей мен Өзбекстанға эвакуацияланды.

Бүгінде коронавирустың жаңа түрі өршіген Қытай елінде індетке шалдыққандар саны 25 мыңға жуықтады, 500-ге жуық адам көз жұмды.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда ҚХР аумағында еліміздің 780 азаматы жүр. Оның 559-ы – студенттер.


Соңғы жаңалықтар