Мейрамхана иелері де мемлекеттен несие алып, бизнесін қалпына келтіре алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ТЖ режиміне байланысты шығынға ұшыраған мейрамхана бизнесіне мемлекеттен несие бөлініп, қолдау көрсетіле ме? Бұл сұраққа «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлбетте, елде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты шығынға ұшыраған салалардың алғашқы легінде мейрамханалар бизнесі де тұр. Олар үшін өз жұмысын қайта қалпына келтіру де қиындық туғызары сөзсіз. Себебі ол – адамдар жиналатын орын. Ал қазір бәрі де санитарлық талаптарды сақтауға міндетті. Яғни мейрамханаға барып отырудың өзінен адамдарда психологиялық үрей қалыптасып қалды. Сол себепті менің ойымша адамдар бұрынғыша мейрамханаға жаппай жиналмайтын секілді. Бәріне дайын болу керек. Дәл осы кезде онлайн амал-әдістерді меңгерген дұрыс», - деді Абылай Мырзахметов Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Facebook парақшасында онлайн режимде сөйлеген сөзінде.

Палата басшысы сонымен қатар бизнестің осы саласындағы өкілдеріне арнайы несие беру туралы ұсынысқа қатысты ойын білдірді.

«Мейрамханалар үшін арнайы несие желісі жоқ. Алайда «Бизнестің жол картасы» бағдарламасымен шектеулердің бәрінің алынып тасталғанын ескеру керек. Яғни ол жерден 6 пайызбен несие ала аласыз. Мейрамханаларға да мемлекеттің дәл осы қолдауын алуға мүмкіндік бар. Бірақ олар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қатыса алмайды. Ол басқа салаларды көздейді», - деді ол.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы Мемлекет басшысы бүгінгі мәлімдемесінде айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар