Мевлют Чавушоглу: Біз үшін бауырлас қазақ халқының тыныштығы мен бақыты өте қымбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу экономика және білім беру салаларындағы Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың негізгі аспектілері жайлы әңгімелеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

- Сіз қаңтардағы қайғылы оқиғадан кейін Қазақстанға келіп отырсыз. Сапарыңыздың мақсаты мен мазмұны туралы қысқаша айта кетсеңіз.

- Біз үшін бауырлас қазақ халқының тыныштығы мен бақыты өте қымбат. Сонымен қатар, біз стратегиялық серіктесіміз Қазақстанның әрқашан қуатты, тұрақты және гүлденген ел болғанын қалаймыз. Әрқашан айтып жүретініміздей, біздің тамырымыз, тіліміз, болмысымыз бір. Жалпы, түрік халқы қаңтарда болған оқиғаларда үлкен сезімталдық танытты. Мұны - бір бауыр қиындыққа тап болған сәтте, басқа бауырдың бастан кешкен сезімімен салыстыруға болады. Біздің Президент р. Ердоған мырза Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев мырзаға телефон соқты. Мен де әріптесім М.Тілеуберді мырзамен телефон арқылы сөйлестім. Бұдан бөлек, төрағалық мерзімі бізге берілген Түркі мемлекеттері ұйымы менің шақыруыммен кезектен тыс Сыртқы істер министрлері отырысын өткізді. Мұның бәрінің мақсаты – оқиғалардың ізін суытпай, Қазақстанға деген қолдауымыз бен ниеттестігімізді білдіру еді.

Сондықтан, сапарымның бірінші мақсаты – осы ниеттестік тілегімізді осы жолы жүзбе-жүз жеткізу. Арамыздағы ерекше байланыстарды ескере отырып, орын алған оқиғалардан кейін Қазақстанға келген бірінші Сыртқы істер министрі болуым заңды деп ойлаймын. Сонымен қатар, менің кездесулерім - Түркі мемлекеттері ұйымының Қазақстанға қолдауын жеткізу тұрғысынан да маңызды.

Әрине, менің сапарым екіжақты қарым-қатынастарымыздың күн тәртібіндегі мәселелерге баға беру мүмкіндігін де туғызады. Түркия мен Қазақстан стратегиялық әріптестер. Осы орайда, Құрметті Президенттеріміз төрағалық ететін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі (ЖДСЫК) механизмінің де бар екенін айта кетейін. Кеңес осы жылдың ішінде жиналады. Сапар барысында бауырым Тілеуберді мырзамен бірге аталған Кеңестің төменгі органы - Бірлескен стратегиялық жоспарлау тобының отырысын өткіземіз. Бұл ЖДСЫК отырысына дайындық болады. Күн тәртібімізде көптеген келісімдер бар, біз солардың соңғы жағдайын талқылаймыз. Ынтымақтастығымыздың барлық аспектілеріне, соның ішінде экономика, сауда, инвестиция, білім, мәдениет және қорғаныс өнеркәсібі салаларына тоқталамыз. Алдағы уақытта жасайтын бірлескен қадамдарымызды талқылайтын боламыз.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған және жүзеге асырылып жатқан реформаларды қалай бағалайсыз?

- Бірінші сұрағыңызға жауабымда айтып өткенімдей, біз үшін Қазақстанның қуаттылығы, тұрақтылығы мен гүлденуі өте қымбат. Бұл сондай-ақ тұтас аймақтың тұрақтылығы мен гүлденуі үшін де маңызды. Қазақстан тәуелсіздік алғалы жасаған қадамдарымен тамаша жетістіктерге қол жеткізіп, өз аймағындағы белсенді елге және халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесіне айналды. Президент Тоқаев мырзаның 2019 жылдан бері ұстанып келе жатқан реформалар бағдарламасы бар. Енді жаңа конъюнктурада реформалар бағдарламасының ауқымы кеңейетінін көріп отырмыз.

Біз үшін егемен Қазақстан билігінің және қазақ халқының қалауы басымдық рөлге ие. Қазақстанның өз мәселелерін шешу жолдарын әзірлеу үшін қажетті мемлекеттік тәжірибе мен интеллектке ие екенін білеміз. Сондықтан, біз Қазақстан тиімді деп есептейтін барлық бастамаларды қолдаймыз. Бізден өтініш болған жағдайда, нақты қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз.

- Түркия іс басындағы төрағалығын жүзеге асырып отырған Түркі мемлекеттері ұйымының қызметі қалай дамиды? Биылғы жылы қандай бірлескен келіссөздер өткізіліп, қандай келісімдерге қол қойылады?

- Түркі әлемінде ынтымақтастықты дамыту - 1990 жылдардан бері ортақ күн тәртібіміздің ең маңызды мәселелерінің біріне айналды. Қазақстан әу бастан-ақ бұл процестің көш бастаушыларының бірі болды. Бірлескен күш-жігеріміздің нәтижесінде өткен жылы Ыстанбұлда өткен Саммитте Түркі кеңесі Түркі мемлекеттері ұйымына айналды. Осылайша, институттандыру саласында маңызды қадам жасалды. Біз Өзбекстанның отбасылық кеңесімізге толыққанды мүше ретінде қосылуы арқылы одан да күшейе түстік. Сол сияқты алғашқыда Ұйымымызға бақылаушы мүше болған Түрікменстан да осы процестің бағалы бөлігіне айналды.

Ұйым шеңберіндегі ынтымақтастықты тереңдету бойынша жұмысымызды күшейтіп жатырмыз. Қазақстан да айтарлықтай үлес қосқан «Түркі әлемінің келешегі-2040» құжатына сәйкес алдағы кезеңде сауда, экономикалық, мәдени және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық пен ниеттестігімізді одан әрі нығайтуды мақсат етіп отырмыз. Біз өз жұмысымызды халықтарымыздың, елдеріміздің және аймағымыздың ортақ игілігі мен пайдасын ескере отырып, халықаралық құқық пен қағидаттар негізінде жаһандық күн тәртібіне сәйкес жүргіземіз. Осы тұрғыда, Қазақстанның Ұйымдағы белсенді рөлі жалғаса береді деп сенеміз.

- Түркия - Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық әріптесі. Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда көлемі қалай дамуда? Түркия Қазақстан экономикасына қанша және қай салаларға инвестиция салды?

- Соңғы кезде эпидемиялық жағдайларға қарамастан, екіжақты саудада айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізілгенін көріп отырмыз. 2021 жылы екіжақты тауар айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 60 пайызға өсіп, 5 млрд АҚШ долларынан асып түсті. Екі ел Президенттері сауда көлемін 10 миллиард долларға жеткізуді мақсат етті. Осы тұрғыда, біз 2021 жылы маңызды межеден өттік деп айта аламыз. Бізге Қазақстаннан импортталатын өнімдерде шикі мұнай, мыс және басқа да бағалы металдардың үлесі айтарлықтай. Қос тараптың да сауда саласындағы қарым-қатынастарды теңгерімді түрде дамытуға толық күш-жігері бар. Осы орайда, алдағы кезеңде келіссөздері жүргізіліп жатқан Қызмет көрсету саудасы туралы келісімге қол қою арқылы осы салада жаңа серпінге қол жеткізгіміз келеді.

Түркия - Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторларына ең ірі инвесторлардың бірі. Түркияның бүгінге дейін Қазақстанға құйған инвестициясының құны 5 миллиард долларға жуықтады. Мердігерлік, қызмет көрсету, туризм және фармацевтика секторлары түрік компаниялары қарқынды жұмыс істейтін салалардың қатарында. Түрік инвестициялары Қазақстанда айтарлықтай көп жұмыс орындарын ашқанын да атап өткім келеді.

Біздің компаниялар, әсіресе, Қазақстан астанасын дамытуда үлкен рөл атқарды. Бүгін осы әсем қаланы аралауымыз барысында, қаланың әрбір бұрышында түрік сәулетінің қолтаңбасын көріп мақтанып отырмыз. Соңғы кездері біздің компанияларымыздың қызметі Әзірет Қожа Ахмет Ясауидың кесенесі орналасқан Түркістан қаласында қарқынды жалғасуда. Осы рухани орталықты дамытуда біздің компаниялар өз міндеттерін лайықты атқарып жатыр. Түркістан халықаралық әуежайынан бастап, қаладағы көптеген мәдени және экономикалық нысандарды түрік компаниялары салды.

Қаңтардағы оқиғалар түрік іскерлерінің Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға деген ерік-жігеріне әсер еткен жоқ. Әрине, бұл орайда Қазақстан билігінің шетелдік инвестицияларға кепілдік берілгені туралы нақты мәлімдемелері өте ұтымды болды деп санаймын. Бұл ретте, түрік компаниялары алдағы кезеңде энергетика, информатика, жасыл технология және қорғаныс өнеркәсібі сияқты түрлі салаларға инвестицияларын кеңейту арқылы Қазақстанның дамуына үлес қосуын жалғастыра береді.

Біз Қазақстанмен инвестициялық ынтымақтастығымызды өзара нығайта түскіміз келеді. Өздеріңіз білетіндей, Түркия - шетелдік инвесторлар үшін үлкен мүмкіндіктер ұсынатын мықты экономикаға ие ел. Алдағы кезеңде біз қазақстандық кәсіпкерлерді Түркияда өз инвестицияларымен белсенді қызмет етуге шақырамыз.

- Екі елдің білім саласындағы ынтымақтастығына тоқталсаңыз,қандай жұмыстар атқарылуда? Түркия үшін білім саласында қандай мәселелер басымдыққа ие?

- Білім - біз үлкен мән беретін ынтымақтастық саласы. Біздің Түркістанда ашылған ортақ жоғары оқу орнымыз - Қожа Ахмет Ясауи университеті бар. Түркия-Қазақстан қарым-қатынастары мен түркі әлеміндегі ынтымақтастықты дамытуда аталмыш Университет түлектері бұдан да маңызды рөл атқарады деп күтеміз. Өздеріңіз білетіндей, бізде «Түркия стипендиялары» атты стипендиялық бағдарлама бар. Қазақ жастарының аталған бағдарламаға үлкен қызығушылық танытатыны - бізді расымен қуантады. Өткен жылы Қазақстаннан 6 мыңнан астам өтінім түсіп, 215 студентке шәкіртақы тағайындалды. Жыл сайын осынша қазақстандық студент Түркияға жоғары білім алу үшін аттанады. Бұл сан одан әрі артса, қуанышты боламыз. Президент Тоқаевтың «Болашақ» бағдарламасына қатысты жасаған соңғы мәлімдемелерін тыңдадық. Түркияда өте жоғары стандарттармен ерекшеленетін іргелі техникалық ғылымдар мен инженерия салаларында мемлекеттік және қор университеттері бар. Білім беру саласындағы ынтымақтастығымызды осы тұрғыдан да кеңейтуге қуанышты боламыз.

- Сөз соңында Қазақстан жұртшылығына не айтар едіңіз?

- 2 наурызда біз дипломатиялық қарым-қатынасымыздың 30 жылдығын атап өтеміз. Өздеріңіз білесіздер, Түркия - Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған ел. Әрине, бұл кезең – ортақ тарихымыздың аз ғана бөлігі, ал мұның түбінде тарихы тереңге жайылған бауырластық байланысымыз бар. Біз Қазақстанның жетістіктерін мақтан тұтамыз, қайғысына қынжыламыз. Расында, бұл өзара сезім бірлігі қазақ ақыны Мағжан Жұмабайдың Тәуелсіздік соғысымызға арнап жазған «Алыстағы бауырыма» өлеңінде де орын тапқан. 1950 жылдары қазақ бауырларымызды Түркияға қабылдау туралы шешім қабылдағанда, марқұм Премьер-Министріміз Мендерес те осындай сезіммен әрекет еткен. Осылайша, бір-бірімізге деген жанашырлығымыз ынтымақтастыққа ұласқанын көріп қуанудамыз және екіжақты қарым-қатынастарымыздың келешегіне сеніммен қараймыз.


Соңғы жаңалықтар