«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Отбасы күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен онлайн форматта «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік хатшы рәсімді аша отырып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқыды, онда конкурстың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі және отбасылық құндылықтарды нығайтудағы маңыздылығы атап өтілген.

Биыл конкурс өткізудің жаңа тәсілдері енгізілді, оған сәйкес енді жыл сайын республика бойынша 17 үздік отбасы анықталатын болады. Жалпы ағымдағы жылы өңірлік конкурстық комиссияларға барлығы 2 768 өтінім берілді (68,7% ауылдық отбасылар, 31,3% қалалық отбасылар). Жаңа ережелерге сәйкес өтінімдер тек отбасылардан ғана емес, заңды тұлғалардан да қабылданды.

Марапаттау рәсімі барысында лауреат отбасылар өз әсерлерімен бөлісті.

Осылайша, Ақмола облысының көп балалы қандас-отбасының басшысы Құрмет Нұрсұлтан Елбасы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтқа қандастарымызды қолдағаны және педагогтардың мәртебесін көтергені үшін алғыс айтты.

СҚО жеңімпазы Крейдун отбасы – бес баланы асырап алып, тәрбиелеп отырған үйлесімді және тату отбасының үлгісі. Инна Крейдун оның отбасы басқа да көптеген адамдар сияқты Қазақстандағы ауылдардың өркендеуі мен дамуы үшін барлық күш-жігерін салатынын атап өтті.

Алматы қаласының дәрігерлер әулетінің өкілі, «АСТАНА ЭКОЛАЙФ» ЭКҰ медициналық орталығының бас директоры Ахметова Алмагүл Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасының және баласыз отбасыларды мемлекеттік қолдау шараларының өзектілігін атап өтті.

Түркістан облысының Жамаловтар отбасы өңірде ауыл шаруашылығын белсенді дамытуда. Биыл ерлі-зайыптылар бірге өмір сүрудің 30 жылдығын атап өтеді. «Біздің отбасымыз – ел Тәуелсіздігінің құрдасы!»,- дейді отағасы Асылбек Тұрсынбайұлы.

Бұдан басқа, Отбасы күні қарсаңында елордада Айдос Нұрбаев пен Арай Сапарғалиқызы отбасы неке куәлігін алды. Айдос - жеке кәсіпкер, Арай - жетекші инженер-жобалаушы. «Мерейлі отбасы» байқауы - біз үшін жақсы белгі! Біз бойымызды түзегіміз келетін үлгілі отбасылардың арасында болғанымызға қуаныштымыз!»- деп, жас жұбайлар ойларымен бөлісті.

2016 жылғы ұлттық конкурстың жеңімпаздары Ақтөбе облысының Нұсқабаевтар отбасының өкілі Қайрат Нұсқабаев бұл конкурстың оның отбасы мүшелерінің барлығына үлкен жауапкершілік жүктегенін айтты. «Осы жоғары мәртебені абыроймен сақтау - біздің парызымыз», - деп атап өтті ол жеңімпаз отбасылар мен жас жұбайларға бақыт пен мықты денсаулық тілей отырып.

Іс-шараға сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы, Парламент Мәжілісінің депутаты Лаззат Рамазанова, ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері қатысты.

Ел Президенті атынан лауреат отбасыларға естелік сыйлықтарды өңірлердің әкімдері табыс етті.

Естеріңізге сала кетейік, «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы Елбасының бастамасымен 2013 жылы құрылған болатын. Байқаудың мақсаты – отбасы институтын, отбасылық құндылықтарды нығайту, бала тәрбиесіндегі ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау.


Соңғы жаңалықтар