«Мерейлі отбасы» байқауы: Қызылордалық Ишанқұловтар әулеті жаңа көлік мінді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада «Мерейлі отбасы» республикалық байқауында жеңімпаздар қатарынан көрінген шиелілік Ишанқұловтар әулетіне «Нива-Шевроле» көлігінің кілті табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салайық, 8 қыркүйек күні Астанада «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды. Онда Жамбыл облысынан қатысқан Ниязқұловтар әулеті Гран-при иегері атанды. Сондай-ақ қызылордалық Ишанқұловтар және ақтөбелік Айтбаевтар әулеті жүлделі орындарға ие болды.

13 қыркүйек күні Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өнегелі отбасы мүшелерімен жүздесті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының атынан оларға жаңа автомашинаның кілтін табыстады.

«Қазақ халқы қашанда отбасын қасиетті шаңырақ ретінде бағалап, зор маңыз берген, көзінің қарашығындай қорғаған. Отбасының ар-намысын сақтауға, ұрпақ өсіріп, тәрбиелеуге, өз ұрпағының елге адал қызмет етуіне аса мән берген. Осындай дәстүрлі құндылықтар қазақтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде ерекше сақталуы заңдылық деп ойлаймыз. Отбасы - алтын ұя, киелі шаңырақ болса, сол шаңырақтың мұрагері, ұрпақ жалғасы - балалар болып табылады. Балаларының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп тәрбиелеп отырған Сыр елінің сіздер сияқты өнегелі отбасыларына айтар алғысымыз шексіз», - деді облыс әкімі.

Өз кезегінде Ерғали Ишанқұлов Елбасы мен аймақ басшысына көрсеткен қолдаулары үшін алғыс айтып, барлық қазақстандықтарға береке-бірлік тіледі.

Шиелі ауданы, Еңбекші ауылының тұрғыны Ерғали аға ерте жасынан мал шаруашылығымен айналысқан. Ол сүйікті кәсібін зейнеткерлікке шыққан соң да жалғастырып келеді. «Алтын алқа» төсбелгісінің иегері, жары Бахирамен 62 жыл бір шаңырақ астында өмір сүріп, 14 ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Бүгінгі таңда олардан 61 немере, 46 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отыр. Өнегелі отбасында тәрбие алған 8 ұл мен 6 қыз әр салада жемісті еңбек етіп келеді.

Атап өтейік, биыл «Мерейлі отбасы» байқауының ақтық кезеңіне қатысуға облыстан Бәйменовтер мен Ишанқұловтар әулеті жолдама алған еді.

 

Соңғы жаңалықтар