Мерейлі отбасы: Астананың ең үлгілі жанұялары анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғамдағы ізгілік пен адамгершілікті, неке және отбасы институттарын нығайтуға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының Астана қалалық кезеңі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордалық қатысушылар арасында бірлігі жарасқан, айналасына сыйлы дәрігерлер, ұстаздар, өнерпаздар, спортшылар, әскерилер және кәсіпкерлер отбасы бақ сынады. Ұлттық конкурсты өткізу бойынша арнайы комиссия отырысында жеңімпаздар анықталды.

Дауыс беру нәтижесіне сәйкес, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы Астана қалалық кезеңінің жүлделі үшінші орыны Өтеуіловтер мен Үдербаевтар отбасына берілді. Нұркен Өтеуілов пен оның жары Айнұр Болатқызы - республикаға танымал әртістер. Олардың қос ұлы да кино саласына атсалысып келеді, кіші ұлы Ақарыс кинотеатрларда көрсетілетін көптеген мультфильмдерге дубляж жасап үлгерді. Жеңімпаздарға алғыс хат мен кәсіби фотосуреттері жинақталған диск және 100 мың теңгелік сертификат табыс етілді. 

Екінші орынды ұстаздықты ту еткен Смаиловтар мен көп балалы Айтқалиевтер отбасы жеңіп алды. Оларға алғыс хаттар мен 200 мың теңгелік сертификатты Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің және Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов табыстады. Сансызбай Сейітжанұлы осыдан 20 жыл бұрынғы Астанадағы күндерді еске алды.

null«Бұл өте маңызды үлкен шара. «Мерейлі отбасы» байқауы алғаш ұйымдастырылғанда алғашқы жеңімпаз отбасылар таң қалатын еді. Енді міне, дәстүрге айналып, жылдағы мерекеге айналды. Осыдан 20 жыл бұрын Ә. Жақсыбеков Астана қаласының әкім болып тұрған кезде екі рет Елбасының алдында қаланың дамуы жөнінде есеп беретінбіз. Шамамен көктемде біраз сөгіс естіп, басымыз төмен түсті, көңіл-күйіміз жоқ. Сонда Елбасы бізге қарап: «Жігіттер, сендер неге мұңайып қалдыңдар? Астананы саламыз, ешқайда кетпейміз. Бірақ, ең басты міндет - Астананың тұрғындарын тәрбиелеп, біртұтас ел болу деді. Бүгінгі шара да сол идеяға бағытталған», - деді Сансызбай Есілов салтанатты марапаттауда.

null   Сондай-ақ, қалалық байқауда дәрігерлер мен әскерилер отбасы топ жарып, республикалық «Мерейлі отбасы»  байқауына жолдама алды.

Асылжан Ерекешов - Кеңес одағының және Тәуелсіз Қазақстанның білікті дәрігері Әбубәкір Ерекешевтің ұлы, Астанадағы №1 Перинаталдық орталықтың хирургі болып қызмет етеді. Ол жұбайы Манира Ерекешевамен Алматыдағы медициналық университет қабырғасында танысып, шақырақ көтерген. Олардың үлкен ұлы Аян бүгінде ата-анасының ізін жалғап, С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде білім алып жатыр.

Тағы бір жеңімпаз отбасы, 4 баланы өсіріп отырған Ғани және Әсел Бауберіковтер әскери мамандар. Отбасында үшінші бала туған соң, сержант Әсел Бауберікова әскери қызметті тоқтатып, балалар тәрбиесіне көңіл бөлуді ұйғарған.

null«Біздің үйде темірдей тәртіп орнаған және білімге баса мән беріледі. Кешкі ас уақытында балалар сабағы, үйірмедегі жетістіктері бойынша «есеп береді». Түсінбеген тақырыптары болса, үй-іші болып талқылап, шешімін табамыз. Ғани Мәскеуде үш жыл білім алды және бұл жылдары балалар Мәскеу мектептерінде үздік нәтиже көрсетіп, «Ресей білгіштері» байқауында топ жарды. Қазір де түрлі жетістіктерімен қуантып келеді», - дейді Әсел.

Айта кетейік, дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы Мемлекет басшысының ұсынысымен 2014 жылдан бері өткізіліп келеді.

Соңғы жаңалықтар