«Мерейлі отбасы»: 104 жастағы қарияның отбасы бас жүлдені жеңіп алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында «Мерейлі отбасы» байқауының іріктеу кезеңі өтті. Ғасыр жасаған Жақыбай Бисенғалиеваның отбасы бас жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласы бойынша барлығы 22 отбасы байқауға қатысуға өтініш бірдірген. Бірақ 11 отбасы іріктеуден өтіп, ІІІ-орынды Әбілдаевтар, ІІ-орынды Омаровтар, І-орынды Қартбаевтар және бас жүлдені Бисенғалиевтер отбасы жеңіп алды.

«Қазіргі заман - жұмақ. Біз трактор айдап, жер жырттық, мал бағып, сиыр сауып күн көрдік. Күйеуім Ғабит Екінші дүниежүзілік соғысқа кетті, кейін Жапон соғысына қатысты. Өзім де әке-шешеден жалғыз едім, майданға кеткен жолдасымды күттім. Екі рет жараланып, елге оралды. Бір ұл, бір қызым бар. Немере, шөбере көріп отырмын. Ұзақ жасаудың сыры - еңбекте. Қазір іс тігемін, қимылсыз отырмаймын. Ал отбасын сақтап қалу ене мен келінге байланысты. Жастар білмегенін үйреніп, қателігін түзеп отыруы керек. Енелері үйретуден жалықпағаны жөн, келінді қызындай көрген дұрыс. Өзім келіндеріме қызым деймін», - дейді кейуана Жақыбай Бисенғалиева.

null

Келіні Уәзипа Бисенғалиева әженің өте сабырлы, шаршауды білмейтін қуатты екенін айтып берді.

«Өзінің 5 сыныптық білімі бар. Кейін соғыс басталды, ауыр жұмыс істеді. Сонда да кітаптан қол үзген емес. Теледидар да қарайды. Ісмер, қонаққа барғанды, қонақ күткенді ұнатады. Есте сақтау қабілеті жақсы. Адамдармен емен-жарқын сөйлеседі, ашық», - дейді келіні.

Марапаттау кезінде қала әкімі Ілияс Испанов бас жүлдеге 150 мың теңгенің сертификаты мен естелік сыйлық берді. Енді жеңімпаз «Мерейлі отбасы» байқауының облыстың кезеңіне қатысады.
null

«Бұған дейін Нұсқабаевтар отбасы республикалық кезеңде бас жүлде алды, кейін Димаштың ата-анасы Құдайбергеновтер арнайы сыйлықты иеленді. Осы жолмен жеңіс жалғасатынына сенім бар», - деді қала әкімі Ілияс Испанов.

Соңғы жаңалықтар