Менің байлығым - менің өлмес өлеңдерім - Мұхтар Шаханов

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкенттегі «Отырар» кітапханасында қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Мұхтар Шахановтың шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі Eрлан Айтахановтың қолдауымен, ішкі саясат және дін істері және Мәдениет, тілдер және архивтер басқармаларының ұйымдастыруымен өткен «Бөдене таланттар мен Қажымұқандар» атты кеш ақынның шығармашылығы мен «Жалын» журналының 50 жылдығына арналды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында «елімізде танымал тұлғалардың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек» деп атап көрсеткен болатын. Осы ретте ұйымдастырылған қазақтың әйгілі ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың кешінде «Заблуждение цивализации» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Кеш қонақтары жазушы «Құрмет» орденінің иегері Мархабат Байғұт, жазушы «Жалын» журналы бас редакторының орынбасары Құдияр Біләл, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Зылиха Жантасова және «Отырар алқабы» газетінің бас редакторы Алмас Ақылбек сөз сөйлеп, естеліктермен бөлісті. Қалың оқырманға жол тартқалы отырған жаңа туындыны талдап, пікір қалдырды.

Өз кезегінде кеш кейіпкері ақын, жазушы Мұхтар Шаханов сөз алып, көпшілік жұртқа ыстық ықыласын білдірді.

«Мен, Қазақстандағы ең соңғы, ең нашар ақынмын. Себебі, мен тек шындықты айтатын, тура сөйлейтін адаммын. Ешқашанда жағымпаздық жасаған емеспін. Еңбегім үшін 120 мемлекеттен сыйлық алдым. Бірақ, байлыққа қызыққан емеспін. Менің байлығым сол - қазақ тілі, ділі, діні, менің өлмес өлеңдерім»,- деді.

Басқосуда сондай-ақ, қаламгердің «Рух пен тіл», «Ерлерді ерлікке шақыру» сынды әндері орындалды. «Төрт ана», « Әйелдер балладасы» сынды өлеңдері оқылды. Қалың оқырман ақынның жігерлі, патриоттық өлеңдерімен сусындады. Қоғам қайраткерінің қазақ халқы үшін еңбегі ерен екені айтылды. Себебі, ол әлем назарын тартылған Арал теңізіне аударып, дүниежүзілік деңгейге көтерді. Желтоқсан оқиғасын зерттеу жөнінде комиссия құрылып, соның мүшесі болды. Наурыз мейрамының халықпен қауышуына мұрындық болды.

Кеш барысында ақынның өлеңдерінен үзінді оқыған бүлдіршіндер жиынның шырайын ашты.

Соңғы жаңалықтар