Меморгандар 1 наурызға дейін ақпараттық жүйелерін интеграциялайтын болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау жұмысы 1 наурызға дейін аяқталуы тиіс. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы мен Мемлекет басшысы цифрландыру мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы цифрландыру саласындағы жұмысты өте маңызды деп атап өтіп, осы бағыттағы жұмысты жылдамдатуды, нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырды. Осыған орай бірқатар мәселені атап өтемін. Бірінші - ақпараттық жүйелердің интеграциясы. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы 2019 жылы 40 ақпараттық жүйені интеграциялау жұмысы атқарылмағанын атап өтті. Мысалы, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Индустрия, Ұлттық экономика және Қорғаныс министрліктері интеграция жоспарын орындамаған», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы бұл жұмысты ерекше бақылауға алып, 1 наурызға дейін аяқтау қажеттігін ескертті.

«Барлық мемлекеттік орган басшылары ақпараттық жүйелердің уақытылы интеграциялануын және олардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін жауапты орынбасарын белгілесін. Асқар Қуанышұлы, биылға арналған интеграция жоспарының орындалу барысы туралы Үкіметке ай сайын ақпарат беріп тұрыңыз. Қажет болса, артта қалып қойған мемлекеттік органдардың жауапкершілігін қарау туралы ұсыныс беріңіз», - деді Премьер Министр ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке қарата.


Соңғы жаңалықтар