Мемлекеттің міндеттемесі жоқ МЖӘ шарттары тіркеуге алынбай отыр - Сүлейменов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік міндеттемелер көзделмеген мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарды қазынашылық органдар тіркеулері қажет.  Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мәселелері бойынша баяндаған  ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлік әріптестіктің ағымдағы жобаларына талдау жүргізіп, нәтижесінде аталған жобалар 3 санатқа бөлінді. Атап айтқанда, біріншісі мемлекеттік бюджеттен шығындарды өтеуді талап етпейтін, екіншісі мемлекеттік бюджеттен пайдалану шығындарын талап ететін өтеулер, ал үшіншісі мемлекеттік бюджеттен жекеше әріптестің барлық шығындарын өтеуді талап ететін жобалар»,-  деді Тимур Сүлейменов.

Оның атап өтуінше, шарт жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің 449 жобасының ішінен 86 жоба ғана 1-ші санатқа жатады. Олардың жалпы сомасы 22,6 млрд теңгені құрайды. Жобалардың негізгі бөлігі - 270,6 млрд теңге сомадағы 259 жоба 2-ші санат бойынша жасалған. Ал 803,1 млрд теңге сомадағы 104 жоба 3-санатқа жатады.

«Әріптестікті дамыту үшін мыналар ұсынылады. Біріншіден, қазіргі уақытта мемлекеттік міндеттемелер көзделмеген шарттарды қазынашылық органдар тіркемей отыр. МЖӘ жобаларына инвесторлардың қызығын арттыру және жасалған әріптестік шарттардың статистикасын жүргізу үшін Қаржы министрлігіне МЖӘ шарттарын тіркеуді қамтамасыз ету ұсынылады»,-  деді министр.

Т.Сүлейменовтің айтуынша, екіншіден, Ұлттық экономика министрлігіне сапа өлшемі бойынша бағалауды енгізу және әріптестік жобаларын дайындау мерзімдерін бақылау ұсынылады.

«Үшіншіден, салалық мемлекеттік органдар мен жергілікті органдар қабылданған шешімдерді, сондай-ақ әріптестік салаларын кеңейтуді ескере отырып әріптестік бойынша Жол карталарын жаңарту ұсынылады. Төртіншіден,  мемлекеттік органдарға Қазақстандық әріптестік орталығымен бірлесіп, әріптестік мәселелері бойынша қызметкерлердің біліктілігін арттыруға кеңес беріледі»,-  деді ол.

Сонымен қатар, Т.Сүлейменов мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі жүзеге асырылмаған салаларды атады.

Соңғы жаңалықтар