Мемлекеттің қатысуымен мамандандырылған салалық банктер құруға рұқсат жоқ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда мемлекеттің қатысуымен мамандандырылған салалық банктер құруға жол берілмейді. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасованың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Банктер туралы заңның 3-бабының 7-тармағына сәйкес «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ты қоспағанда, Қазақстан Республикасында мемлекеттің қатысуымен мамандандырылған салалық банктер құруға жол берілмейді. Қазақстанда ауылдық тауар өндірушілердің, өнеркәсіп саласының қаржылық қызметтерге деген қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін көп деңгейлі банктік жүйе қалыптасқан», - деп атап өтеді агенттік төрағасы жауабында.

Мәдина Әбілқасованың атап өтуінше, қызметі ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті, құрылысты кредиттеумен және кепілдендірумен байланысты әмбебап коммерциялық банктердің, кредиттік серіктестіктердің, түрлі мамандандырылған мекемелердің жеткілікті саны, оның ішінде «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жұмыс істейді.

«Құруға ұсынылатын Агробанктің, Промстройбанктің шағын саласы оларда әртараптандырылмайтын тәуекелдердің жоғары деңгейде шоғырлануын болжайды. Сондай-ақ, мұндай банктердің халықтың депозитін тарту және оларды қайтаруда қиындықтарға тап болу ықтималдығы жоғары, бұл нәтижесінде олардың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін қосымша бюджет қаражатын салуды талап етеді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар