Мемлекеттік және квазимемлекеттік органдарда кәсіби деңгейі жоғары маманды қалдыру керек - Сәрпеков

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың пайдасыз қызметкерлерін қысқартып, кәсіби деңгейі жоғары, жемқорлыққа қарсы тұра алатын мамандарды қалдырып, олардың еңбек ақысын еселеп өсіру мәселесін шешетін уақыт жетті. Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Рамазан Сәрпеков Президент Жолдауы туралы осындай пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Конституцияның өкілеттігінің негізінде Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекет басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын Қазақстан халқына жыл сайын Жолдау арнайды. Бұл маңызды құжатты күрделеніп, атқаруда кезек күттірмейтін өзекті мәселелерге баса назар аударылып және олардың шешу жолдарын көрсетіп, Парламентке, Үкіметке, орталық атқару органдары мен сот және құқық қорғау жүйесінің лауазымды тұлғаларына нақтылы тапсырмалар жүктеледі. Мемлекет басшысының халыққа үндеген Жолдауының іске асуы міндетті екендігін халық жете түсініп, үлкен үмітпен күтетіні белгілі», - деді Рамазан Сәрпеков..

Оның айтуынша, биылғы жылы Жолдаудың орны тіптен де ерекше.

«Төрткүл дүние бейбіт өмірге тосыннан енген COVID-19 (пандемия) кесірінен бұрын-соңды болмаған ауыр кезеңді бастан өткізуде. Кеселдің күрделі болғаны соншама, көптеген мемлекеттер әлі де оның құрсауынан толық шығып үлгерген жоқ. Оны жою жолында барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, әлі де белсенді қарсы күрес жүргізуде. Бұл тосыннан келген кесел біздің ел-жұртқа да елеулі залалын тигізді.Одан тек азаматтардың денсаулығы мен өміріне ауыртпалық түсіріп қана қоймай, мыңдаған шағын, орта, ірі кәсіпкерлік, өндіріс орындары мен ауылшаруашылық саласы, білім мен денсаулық жүйесі ерекше ауыртпалық сезіп отыр. Табыс төмендеді, жеке бастарындағы әлеуметтік және қаржылық мәселелері күрделеніп кетті», - деді Рамазан Сәрпеков.

Профессордың айтуынша, осындай жағдайдан әркім өз бетінше шығу жағдайын қарастырып жүрген сәтте, Мемлекет басшысының халыққа арнаған бұл Жолдауы әркімнің болашаққа деген сеніміне күш-қайрат қосатын дер кезінде жария көрген өте құнды тарихи құжат болған.

«Әрине, төтенше жағдай мен карантин жарияланған сәттен бастап Үкімет тарапынан халыққа көмек көрсету жұмыстары белсенді жүргізілуде. Билік пен халықтың түсінігінің арқасында біздің мемлекет бұл кеселдің бетін қайтарып, тиімді іс-шараларды бекітіп үлгерді. Қалай болғанда да «сақтықта қорлық жоқ» демекші, бәріне дайын болғанымыз абзал. Осы бағытта Жолдаудың мәні де ерекше. Әсіресе, өсіп-өну жолында Ұлт жоспары мен Бес институционалдық реформаны негізгі бағыт-бағдар етіп, ел-жұрттың дәулетті өмір сүруіне мүмкіндік жасап, олардың конституциялық құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірігіп күрес жүргізуге жұмыс қарқындайтыны айтылды», - деді Рамазан Сәрпеков..

Профессор Стратегиялық жоспарлау және реформа агенттігінің құрылуына мол сеніммен қарайды. Ол ел мүддесіне қабылданатын маңызды іс—шаралар мен құжаттарды айқындайтын және қажетті реформалармен айналысатын болады.

«Мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың пайдасыз қызметкерлерін қысқартып, кәсіби деңгейі жоғары, адамгершілігі мол, адал және жемқорлыққа қарсы тұра алатын мамандарды қалдырып, олардың еңбек ақысын еселеп өсіру мәселесін шешетін уақыт жетті.

Жолдауда ауылшаруашылығын дамытып, отандық өнімдердің бәсекеге қабілетті болуын арттыруға берілген тапсырмалар өте орынды. Жермен айналысатын, мал мен жеміс-жидек өсіретін кәсіп иелеріне ұзақ мерзімге берілетін арзан несие беру мәселесі, жинаған өнімдерін лайықты бағамен өткізіп-сату жағдайы шешімін тапса нұр үстіне нұр болар еді.

Сонымен қатар Жолдауда экология мәселесі, әсіресе, табиғатты қорғау жұмыстарына жас жеткіншектерді тартуға бағытталған тапсырма бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі», - деді Рамазан Сәрпеков..

Профессор азаматтардың құқықтарын қорғау органдары мен сот жүйесіне талапты күшейту тапсырмасы іске асса, азаматтарды әурешілікке түспей, әділдікке заң жүзінде қол жеткізетін болса, мемлекетке және заңға деген сенім артатыны сөзсіз дейді.


Фото: zqai.kz


Соңғы жаңалықтар