Мемлекеттік сатып алуларда 177 млрд теңгеге қаржылық бұзушылық анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік сатып алуларда 177 млрд теңгеге қаржылық бұзушылық анықталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен 9 айда камералдық бақылаумен сомасы 9,1 трлн теңгеге 1,2 млн астам мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша сомасы 726 млрд теңгеге бұзушылықтар ескертілді. 1,4 мың аудиторлық іс-шара өткізілді», - деді ол.

Министрдің айтуынша, аудитпен 785 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылған.

Сомасы 177 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.

«Тауарларды жеткізуді, қызметтерді көрсетуді және жұмыстарды орындауды қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 166 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит нысандары қызметінің тиімділігін жетілдіру және арттыру үшін 1 236 ұсыным берілді. Оның ішінде мыңнан астамы орындалды», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Сонымен қатар ол 2016-2020 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспары 93 пайызға орындалғанын айтты.

«2020 жылы 74 нысанды сату жоспарлануда. Оның 40-ы сатылымға шығарылды. Есепті кезеңде сомасы 85,2 млрд теңгеге 5 нысан сатылды. Сауда-саттықта 35 нысан тұр», - деді Ерұлан Жамаубаев.


Соңғы жаңалықтар