Мемлекеттік сатып алу заңының талаптарын бұзған аурухана директорына айыппұл салынды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында аурухана директорына әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Махамбет ауданының прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесімен аурухана директорының заң бұзушылығы анықталып отыр.

Аудандық аурухана директоры мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша қабылдаған міндеттемелерін орындамаған 3 өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы арызбен сотқа жүгінбеген.

«Осыған байланысты Атырау облысы бойынша мемлекеттік ішкі аудит департаментіне заң бұзушылықты жою туралы ұсыну енгізілді. Осындай бұзушылыққа жол берген аудандық аурухананың директоры ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 207-бабымен әкімшілік жауапқа тартылды. Директорға мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарын бұзғаны үшін 136 мың 835 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», -дейді Махамбет ауданының прокуроры Бағытжан Қалиев.

Сондай-ақ, аталған ауруханада тегін негізде өтуге тиіс санаттарға жатпайтын 84 адамды COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы ПТР тексеруден өткізілген. Сөйтіп, 414 мың 251 теңгенің негізсіз жұмсалғаны анықталған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына бұзушылықты жою туралы ұсыну беріліп, қаражат бюджетке қайтарылып отыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулық алаяқ 97 адамның атынан кредит алғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар