Мемлекеттік мүддені мұрат еткен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Мәңгілік ел» идеясының маңыздылығын Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауының негізі етіп алып, бұл туралы өз сөзінде: «Мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат - Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол - «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті... Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр» деген болатын.

Халықты бір мақсатқа, бір мүддеге, бір болашаққа үндеген Елбасының бұл жолдауында ел халқына үлкен жауапкершілік жүктелген. Мәңгілік елге айналу үшін тәуелсіздікті сақтап, елдігімізді нығайту басты мақсат болып табылады. Өйткені, тәуелсіздік ұғымы халқымыздың мұраты, ғасырлар бойғы арманына айналған, сонау алаш тұлғаларының зердесі мен өнегесімен келген аманат дүние болатын.

Бүгінгі әңгімеміз сол Мәңгілік ел аманатын абыроймен атқарған елағасы Қаратай Тұрысов туралы.

Ой түбіне кім жетпек? Болашақты қалай болжайсың? Анық ақиқат – жалғыз. Ол - еліңе еңбегің адал болсын! Бұл жалғанда халқын сүйсіндірер ұлдың сүйінер сүйеніші осы. Жұмыр жер тағдыры – жұмыр басты пенденің иелігінде. Талай ұлыстың ұл-қыздарымен қызметте айбары асқақтады. Абыройы парасатпен бекінді. Елге қызмет еткен уақыты Совет Одағы заманында өтті. 50-60 мемлекетте сол әлемдік державаның атынан барды. Мәртебелі мінберлерден сөйледі.

ҚАРАТАЙ ТҰРЫСОВТЫҢ естелігінен:

«Бірталай халықты көрдім. Бірақ, біздің қазақтай кең халықты көрген емеспін. Ел таң қалады «осынша жерді қалай ұстап отырсыңдар» – деп. Шындығында Каспийден Алтайға дейін созылған қанша жер! Баяғыда Алматыдан Москваға дейін 4 сағат ұшатын. Оның 3 сағаты Қазақстанның үстінде өтеді, ары қарай 1-ақ сағат. Осыған қарап, найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, қасиетті даланы кейінгілерге несібеге қалдырған қайран батыр бабалардың рухына бас иесің. Осыншама кең жерді ұстап тұрудың өзі ерлік қой. Жер болғанда да жай жер емес, асты мен үсті толған байлық. Біз мына кавказдықтарды батыр халық дейміз, тау ішінде орналасқан алақандай ғана жері бар, соның өзін қалай қорғарын білмей қиналады кейде...»

1987 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінен сөйлегенде, жер тағдырын, экология кесапатын, Семейдегі ядролық полигон мәселесін көтерді. Нью-Йорктегі 200-дей мемлекет өкілдерінің алдындағы сөзінде адамзат болашағы қатерлі сын сағатқа жақындағанын айтқан. Үлкен державалар келісімге келіп болашақ үшін ортақ тұжырымға келмесе келер ұрпақ пен адамзат болашағы алдында күнәһарлыққа батамыз деген. Кесіп айтқан. Мемлекеттік мүдде туралы түсінік – жалпыадамзаттық тіршілік ұғымынан жоғары тұрмауы туралы сөйлеген.

Сол Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінен айтқан сөзі біраз жұрттың назарына ілікті. Қолдағаны көп, кежегесі кері тартып қыңыр әңгіме жасағандар да кездесті.

Айдарынан жел ескен АҚШ-тың конгресмендерімен бетпе-бет жүздескен. Жанындағы КПСС Орталық Комитеті жасақтаған жоғары лауазымды коммунистік министрлер ауыз ашпай төмен қарағанда микрофонды өз қолына алған. Өз ойын тайсақтамай ашық айтқан. Ол кезде Қаратай Тұрысов Советтер елінің кәсіподақтарының атынан сайлаған СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болатын.

«Біз кәсіподақ атынан міне ондаған жылдар бойы ел тұрғындары жұмысшылар мен еңбеккерлерді Америка Құрама Штаттарына туристік сапармен демалысқа жібере алмаймыз. Оған себеп американдық Когресс виза мәселесінде қисынсыз кедергілер жасап, себепсіз тосқауылдар қоюда. Әлбетте, екі ел арасында біршама тақырыпта түсінбестік бар екенін білемін. Бірақ ол қарапайым ел тұрғындарының хұқығына кедергісін тигізбеуі керек»,-деген.

Сол сәтте конгресмендер сәл үнсіз қалған. Бір – бірімен сыбырласып болған соң, сіздің көтерген мәселеңізді АҚШ конгресмендері таяу уақытта қолға алып, шешім жасайды деп уәде береміз деген. Расында да солай болды. Ұзақ жылдар бойы терезе-есіктері тарс жабық Советтер Одағы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы шекара ашылып, қарапайым адамдардың барыс – келіс сапарына жол ашылды.

Қаратай Тұрысов Бүкілодақтық кәсіподақтар Советінің басшылығында жүрген кезде, кәсіподақтың 140 миллион мүшесі бар болатын. Осы 140 миллион азамат әр ай сайын жалақысынан 1% жарнаны мүшелікке төлеп отырды. Совет Одағында өте бай ұйым – кәсіподақтар болды. Компартия елінде қонақ үйлер мен емдеу-сауықтыру орындарының 65% өз меншігінде иеленіп отырды. Мәскеудегі жоғары лауазымды қызметін пайдалана отырып, Қаратай аға Қазақстанда «Мерке», «Сарыарқа» және «Түрксіб» емдеу-сауықтыру орындарын қайтадан салдырды. Сонымен қатар Алматыдағы қонақ үйлерінің қайтадан салынуына көп қаржы бөлгізді. Қазақстандағы кәсіподақтарға көптеген қамқорлық жасап, қаржы бөліп отырды

Степан Шалаев

Совет Одағы кәсіпоақтарының 1982-1991жж. Төрағасы:

Қартай Тұрысұлына ең ауыр, ең жауапкершілігі зор саланы арттық. Совет елі кәсіподақ саласындағы күрделі шаруалардың шашбауын шығармай шешіп отырды. Одақтың барлық республикаларында болып ондағы башылармен кездесіп жұмысшылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге жан-жақты қолғабысын жасады. Одақтық ВЦСПС – тің ең абыройлы басшысы саналды. Іскер ғана емес, өте жігерлі және айтқанын орындататын азамат болатын. Тұрысов Одақтық профсоюзға жетекшілікке келген соң, КПСС басшылығымен де бұрынғыдай бұқпантайлап сөйлеспей, өткір де ашық әңгімеге шыға бастадық. Мәскеудегі бас ұжымымыздың өте салиқалы құрметті азаматы танылды. Республикалар мен ірі өндіріс орындарынан келетін кәсіподақ бастықтары мен орталықтағы бөлім жетекшілері оның ақыл – кеңесін тыңдап барып үлкен шараларда шешім қабылдайтын. Бастысы қарапайым адамдардың көкейіндегі сауалдарын дәл тауып, проблемаларды шешу жолдарын нақты ұсынатын еді. Ол кісі еліме ораламын дегенде қимай қоштастық. Қазақстан Президенті Н. Назарбаев менен екінші рет Қайрекеңді Алматыға қайтаруды сұрағанда өзі шешсін дедім. Қаратай Тұрысов бірден Қазақстан Үкіметінің вице – Премьері болып тағайындалды.

Қаратай Тұрысов он екі жыл Мәскеуде СССР Кәсіподақ басшылығында қызмет атқарды. Совет Одағы кезінде Мәскеуде жоғары лауазымды қызметте болған қазақтардың қатары саусақпен санарлықтай еді. Қ. Тұрысов Мәскеуде жоғары білім алды. Кейін Халық шаруашылық Академиясында оқыды. Совет Одағы кәсіподақтарында басшылық қызмет атқарды. Бірнеше рет СССР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды.

Шерхан Мұртаза

Мемлекет және қоғам қайраткері

1947 жылдан бергі уақытта Қаратаймен дос болдық. 8-ші кластан бастап бірге оқыдық. 10-шы класты бірге бітірдік. Ақсақал болғанда екеуіміз тағы да құдайдың жазуымен Тәуелсіз еліміздің Парламентінде де қатар отырдық. Сол соғыс біткен сұрапыл кезде орта білім алып мектепті бітірген соң оқу министрінің орынбасары Әди Шәріповке бардық. Ол әрқайсысымызға 200 сом берді, мынау жол қаражаттарың деп. Осылайша тәуекелдің жел қайығына мініп Қаратай досыммен бел буып Мәскеуге аттанадық. Мектепті күміс медельмен бітірген Қаратай Орджаникидзе атындағы Геология институтына қабылданады. Ал, мен болсам Полиграфия институтының студенті атанадым. Геолог болуды арман еткен Қаратай студент кезінде ертеден қара кешке дейін геология картасын салатын. Жаз шыға қолыңда балға, мойныңда керек‑жарақ салынған дорба артып, жаяудан‑жаяу тау­‑тас пен даланы кезіп осы Қазақстандағы кен байлықтарының картасын сызды ғой. Мәскеудің дипломымен Қайрекең жоғары білімді маман ретінде бірден Қарағандыға аттанды… 8 жыл геолог болған Қаратай Тұрысов Орталық Қазақстанның геологиялық картасын толықтай әзірлеп шықты. Сосын басшылыққа ауысты. Сол кезде жасы тепсе темір үзер отыздан сәл асқан кезі еді. Қарағанды облысында кен шығаратын «Қаражал» деген қала бар, соны басқарды. Жезқазғанның бер жағында, Қарағандының ар жағында орналасқан қала. Бәленбай жыл соны басқарды. Мен сонда барып көзіммен көріп жүрдім, жұмыстары ол кезде шынында да қиын еді. Соған қарамастан жақсы басқарды. Ел құрметіне бөленді. Содан кейін облысты басқарды. Республикалық министр болды. Мықты маман керек болған соң Мәскеудің қалауы түсті. Совет Одағындағы ең ірі қызметтегі қазақ болды.

Мақтай Сағдиев, Мемлекет және қоғам қайраткері

Қарағанды облысында істеген жұмысынан Торғай облысына обкомның хатшысы болып ауысып келді. Бюрода жол салу, 300 километр жерге электр жарығын өткізу Тұрысовқа тапсырылды. Сол жұмыстарды маңайына бір топ адамды ұйымдастырып, өзі қасында басқарып, күндіз-түні жүріп, жарықты берді. Көпір салды, жол салды. Сол Қаратай басшы болған тұста бүкіл малшылар электр жарығын бірінші рет көрді.

Қаратай Тұрысовпен замандас болған азаматтар жүрекжарды жылы пікірлерін келешек ұрпаққа өнеге болсын деп осылайша жазып қалтырды. Біздің байқағанымыз, оның айтқандары дуалы ауыздан шыққан даналық деректей екендігінде. Көптеген оқиғаларға қатысты Қаратай Тұрысовтың көзқарасы ұлттық ұғыммен орайлас және ондайды елден бұрын айтады және оған куә де болдық.

- Елмен етене араласу керек, сонда басшы адам қарапайым халықтың көкейдегісін білетін болады деген, ‑ еді Қаратай аға бір сұхбаттасқан сәтте. – Амангелді газ кешеніне қатысты жайтты айтайын. Көп қаржы жұмсадық. Нағыз экономикалық қиын кезеңде қолға алдық. Үкіметтің қаржысын үнемдеу парыз. Бірақ ел намысы үшін қажет мәселеде кеткен қаржының өтеуі елдің рухани байлығымен қайтатынын да ескеру қажет екенін әкім – министрлерге дәлелдеп түсіндірдім. Бұл шешімге мен экономист емес, мемлекеттік мүддені мұрат еткен депутат ретінде, ел азаматы ретінде бел буып кірістім. Жастарымыз жалынбауға үйренсін. Түтініміз түзу шықсын. Халқымыз жиырма бірінші ғасырда өркениетті елдердей өмір сүруге хұқылы екенін пайымдадым.

Фариза Оңғарсынова, Мемлекет және қоғам қайраткері

Баяғы кезде билер мен батырлардың айтқан сөзі халықтың құлағына пайғамбардың сөзіндей кіретін абыз ақсақалдар болған ғой. Осы біздің заманымыздың жиырмасыншы – жиырма бірінші ғасырлардың тоғысында сондай кісілердің біреуі деп мен Қаратай Тұрысовты атар едім.

Парламетте депутат болып жүргенде де қалай дауыс берерімізді білмей ойланып, бір-бірімізден сұрайтын қиын мәселелер кездесетін. Өзіміздің ішкі сеніміміз бола тұра, жан-жағымызға қараймыз. Сонда үлгі алып жүрген ағамыз, ақылын айтып отырады. Сонау 91-ші жылғы мақалаларын оқып отырсаң, бүгінгі күннің талабына сай келеді. Сол секілді кейінгі мақалалары да біршама жылдан соң оқитын азаматтар үшін де өзектілігін жоғалтпайдынына сенемін.

Әскергүл Тұрысова, жұбайы, қоғам қайраткері

Құдайға шүкір, Қайрекең екеуіміз 40 жылдан аса бірге өмір сүріппіз. Мен өзім де мұғалімнің жанұясында тәрбиеленгенмін. Әкем ұстаз болған адам. Көп балалы отбасындағы 9 баланың үлкені болдым. Сол себептен де шығар біз сөзге тоқтап, жағдайға қарайтын ұрпақтанбыз. Ана тәрбиесін көрген, әке өсиетін тыңдаған біздер қандай қиындық болмасын бір шешімін табатынбыз. Біз бабалары басының қадірін арттыруды басты мұрат санаған елдің баласы болдық. Сөйтіп кешегі бабамызбен ғана емес, бүгінгі бағамызбен, ертеңгі елекке түсер шамамызбен де мақтана алатын азамат, өнегелі отбасы болуды ойладық. Қол ұстасып жүріп ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Ел – жұртымызға да аянбай қызмет еттік. Сол адал еңбектің жемісін көріп отырмын.

Ұлы дәуірді санасына сыйғызған заңғарлар сезінер қадамға уақыт төреші. Тәңірінің осы іріктеуінен ешбір пенде аса алмасы хақ. Ұлылардың мұрасы да, мұраты да – кейінгіге үлгі. Ал үлгіге қарап ұрпақ өседі.

Соңғы жаңалықтар