Мемлекеттік қызметтегі 1000 зейнеткер жұмыстан босатылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің санын 25 пайызға қысқарту туралы Президент тапсырмасы қалай орындалатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл мемлекеттік аппаратты 10 пайызға, келесі жылы тағы 15 пайызға оңтайландыру жоспарланып отыр. Осылайша Президенттің мемлекеттік аппаратты 25 пайызға қысқарту туралы тапсырмасы 2021 жылы жүзеге асырылады», - деді Анар Жайылғанова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Агенттік төрағасының айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 97 мың мемлекеттік қызметші бар. Бұл – 9,2 млн экономикалық белсенді халықтың 1,1 пайызы.

«Бұл көрсеткіш дамыған мемлекеттердің көрсеткішімен сай келеді. Мәселен Францияда мемлекеттік қызметшілердің үлесі 8 пайызды, Канадада 1,5 пайызды, Австралияда 1,4 пайызды, АҚШ-та 1,3 пайызды құрайды. Кейінгі жылдары Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің санын қысқарту бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. 2018 жылы бізде 98,7 мың мемлекеттік қызметші болса, 2019 жылы олардың саны 97,4 мың, 2020 жылдың І жартыжылдығында 97 мың болды», - деді ол.

Мемлекеттік органдар халықтың өмірінің бүкіл саласының үзіліссіз жұмысын қамтамасыз ететінін ескере отырып, қысқарту салдарынан келуі мүмкін жағымсыз жайларды назар алып, бірқатар шара қабылдану көзделуде.

«Біріншіден оңтайландыруға жататын лауазымдар кезінде ең біріншіден тұрақты вакантты лауазымдар қарастырылады. Бүгінгі таңда вакансиялардың саны 8 мың. Бұл – мемлекеттік аппараттың жалпы лауазымының 8,5 пайызы. Сонымен бірге зейнеткерлердің жұмысты босатуына байланысты 1 мың лауазым бос қалады. Одан бөлек 6 мың мемлекеттік қызметкер жеке секторға немесе басқа да ұйымдарға ауысады. Бұл жағдайлар мемлекеттік қызметшілердің шынайы қысқаруын азайтар деген сенімдеміз», - деді Анар Жайылғанова.


Соңғы жаңалықтар