Мемлекеттік қызмет көрсетуге қандай өзгерістер енгізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсету процедуралары өзгереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәлімдеуінше, мемлекеттік қызметтерді көрсету туралы арнайы заңда қарастырылған негізгі жаңалықтардың бірі - мемлекеттік қызметтерді проактивті режимде ұсыну.

«Яғни, мемлекет адамның өзіне жүгінуін күтпейді, керісінше оларға мемлекеттік қызметті ұсынады. Мысалы, сәби дүниеге келгенде оны тіркеу, жәрдемақының екі түрін тағайындау және балабақшаға кезекке қою қызметтері ұсынылады. Пилоттық режимде бұл қызмет 120 мың нәрестенің аналарына көрсетілді», - деп хабарлады министрлік.

Сонымен бірге, тұрғындар бір өтінім арқылы бірнеше ұқсас мемлекеттік қызметті ала алады.

«Мәселен, мүгедек балалардың ата-анасы оларды емдеуге, оқуға және оңалтуға арналған 6 мемлекеттік қызмет алып жүр. Олар мемлекеттік органдарға 6 рет барып, 6 құжат пакетін әзірлеуі керек. Енді оларға бір өтінішпен жүгіну жеткілікті, соған сәйкес барлық 6 қызмет бір уақытта көрсетіледі», - дейді министрлік.

Мұндай композиттік тәсіл 21 мемлекеттік қызметке енгізілетін болады.

Сонымен бірге, енді көшелер мен елдімекендердің атауы өзгергенде мәліметтер базасындағы мекенжайлар автоматты түрде өзгереді. Экстерриториялық принципке де қолдау көрсетіледі, яғни азамат елдің кез-келген аймағында болса да, азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша мемлекеттік қызметтерді ала алады.



Соңғы жаңалықтар