Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде үздік қызметшілер марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Мемлекеттік қызметші күні аясында «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» және «Жылдың үздік сапалы қызмет көрсетушісі» конкурстарының жеңімпаздарын марапаттау бойынша салтанатты іс-шара өтті.

Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекеттік қызметтің беделін нығайтып, мемлекеттік қызметшілердің болмысын насихаттауға әрі оларды ынталандыруға бағытталған шараға мемлекеттік қызмет ардагерлері, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі, министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері, Мәжіліс және Сенат депутаттары, қоғам және саяси қайраткерлер, сондай-ақ Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының докторанттары мен магистранттары, Президенттік жастар кадр резервінің өкілдері қатысты.

«Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» және «Жылдың үздік сапалы қызмет көрсетушісі» байқауының жеңімпаздарын Ардагерлер ұйымының төрағасы – Бақтықожа Ізмұхамбетов, Сенат депутаты – Нұртөре Жүсіп, Мемлекеттік қызмет саласындағы қоғамдық кеңестің мүшелері – Мирболат Жақыпов пен Анас Баққожаев марапаттады.

Мемлекеттік қызмет ардагері Ерсұлтан Бектұрғанов және Агенттіктің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Ерлан Сапаров «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісіне лайықты деп танылды.

Республикалық байқауға белсенді қатысқан және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға үлес қосқан мемлекеттік қызметшілерге Агенттік төрағасының алғыс хаты мен грамотасы табысталды.

Орталық және жергілікті органдар арасындағы ықпалдастықтың нығаюына қосқан үлесі үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бірқатар қызметшісі Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Салтанатты шарада МҚІА төрағасы Дархан Жазықбаев конкурс жеңімпаздарын құттықтап, Мемлекет басшысының «Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Олар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр» деген сөзіне ерекше тоқталып, мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа сын-тегеуріндерді шешуде мемлекеттік қызметшінің миссиясы аса зор екенін атап өтті.

«Басты ұстаным – адал ниетпен елге қызмет ету болуы керек. Осы бағытта саналы түрде жаңғыру қажет. Мемлекеттік қызметшіге азаматтық сана, елдік сана, мемлекетшілдік сана басты құндылық болуы тиіс», – деді Д. Жазықбаев.

Өз сөзінде Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметке кіргенде қабылданатын анттың маңыздылығына ерекше тоқталды: «Мемлекеттік қызметке кіргенде ант берудің мағынасы өте зор. Бұл әдеттегі формальді түрде орындалатын шара болып қалмауы керек. Ол үлкен жауапкершілікті өзіңнің ар-ожданыңмен жария түрде қабыл алуды білдіреді. Оның сұрауы да үлкен. Әрбір мемлекеттік қызметші осыны ерекше ескеруі керек. Антқа берік болу – адам бойындағы қасиеттердің үлкен көрінісі. Антты бұзбау, антты аттамау – біздің халық алдындағы басты парызымыз».

Шара аясында көпшілік алдында сөйлеу, имиджмейкинг, әлеуметтік желілерді жүргізу бойынша семинар-тренингтер мен жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілердің қалыптасуы туралы әңгіме-сессиялар ұйымдастырылды.

Бұған қоса, мемлекеттік қызметшілерінің интеллектуалдық білімін шыңдау мақсатында Мемлекеттік органдар арасында алғаш рет «НЕ? ҚАЙДА? ҚАШАН?» ойыны өткізілді.


Соңғы жаңалықтар