Мемлекеттік кірістер комитеті салық қарызы мен өсімпұлын кейінге шегеру тетігін қарастыруда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай енгізілгендіктен Мемлекеттік кірістер комитеті бизнес субъектілеріне бірқатар мемлекеттік қолдау көрсетпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олар инвестициялық салықтық преференциялар, арнайы экономикалық аймақтар, арнайы салық режімдері. Бұл жеңілдіктер кәсіпкерлік субъектілері мен агроөнеркәсіп кешенін қолдауға арналған.

2018 жылдың қорытындысы бойынша салық төлеушілер 4,5 трлн теңгенің салығынан босатылған. 2019 жылдың қорытындысы бойынша да осындай мөлшерде салық жеңілдігі жасалады.

«Биылғы жылдан бастап арнайы салық режімі бойынша есеп айырысатын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері 3 жылға салық төлеуден босатылды. Бұл субъектілерді тексеруге мораторий жарияланды.

Бұған қоса елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты, қарым-қатынасты азайту үшін заңды және жеке тұлғаларға декларация тапсыру мерзімі төтенше жағдайдың уақытына сәйкес келгендіктен, оны 30 күнтізбелік күнге кейінге шегеру туралы шешім қабылданды», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Салық кодексінде төтенше жағдай кезінде қарыз кейінге шегерілсе, оған өсімпұл есептелмейді. Алайда ондай жеңілдікті алу үшін кепілзат немесе банктік кепілдік қажет.

Комитеттің хабарлауынша, осыған орай төтенше жағдай кезінде салықтық міндеттемелер бойынша қарыз бен өсімпұлды кейінге шегеруді оңтайландыратын тетіктер қарастырылуда.

«Төтенше жағдай кезінде қамералды бақылау қорытындысы бойынша хабарлама жіберу тоқтатылады. Нысандарға барып, кеден және салық тексерісін жүргізу азайтылады. Әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі төтенше жағдай мерзімі аяқталғаннан кейін қарастырылады. Бұдан өзге қолдау көрсету шаралары қарастырылмаған», делінген хабарламада.

Жұмыс берушілер наурыз айында төлеген жалақының салығын 25 сәуірге дейін төлеуі керек.

Ал егер еңбекақы есептелмеген немесе төленбеген болса, салықтық міндеттемелер қарастырылмайды.


Соңғы жаңалықтар