«Мемлекеттік қаржыға түсірілген фильмдер зинақорлық, қызтекелік пен педофилияны неге насихаттайды?» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Желтоқсанның 4-і. /ҚазАқпарат/  - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда желтоқсанның 4-і,  жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Еуропа эстафетасы еншімізде!». Осы тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі нөмірінде жарық көрген мақалада елміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалықты қабылдап алғандығы жазылған. «Ежелгі Грекияның астанасы Афина шаһарында өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 17-ші отырысы осынау беделді ұйымға Грекияның төрағалық мандаты аяқталғанын білдіріп, Еуропа эстафетасын халықаралық саяси аренадағы жас та жасампаз, байыпты да айтулы ойыншы ретіндегі Қазақстанның еншілегенін жария етті. Жаһандық қаржы дағдарысынан былай көп мәселесі шиеленісіп, соның кейбірі ушығып тұрған қарт құрлыққа Қазақстанның төрағалық етуі ең бір қиын да қысталаң шаққа тұспа-тұс келіп, жауапкершілік жүгін еселеп арттырғаны анық. Сол тұрғыдан алғанда  ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің Қазақстанға сенімі Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа сенімі екені де белгілі», деп жазады басылым.

Осы басылымның «Үкімет» атты апталық қосымшасында «Бәсекелестігі басым 100 компания» деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, қазақстандық 100 корпорацияның қосынды табысы 2008 жылы 2007 жылмен салыстырғанда 35 пайызға өскен. Бұл жылдық инфляция 9,5 пайыз болып отырған жағдайда қол жет­кізген жетістік. Ал Ресейдің «Экс­перт-400» рейтингілік сарап­тауларының деректеріне қарасақ, ресейлік 400 жетекші компания­ның өткізген өнімдерінің көлемі 24 пайызға өскен. Міне, осыдан көріп отырғанымыздай, қазақ­стандық ірі бизнес нақты өсу қар­қыны жағынан өздерінің ре­сей­лік әріптестерінен 1,5 есе асып түскен.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда өткізген тікелей желіде қазақстандықтардың койған сауалдарына барлық мемлекеттік органдардың жетекшілері жауап беруі керек деп тапсырған болатын. Осыған орай бүгін жарық көрген «Егемен Қазақстан» газеті арқылы ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин қазақстандықтардың сауалдарына жауап берген. Сұхбат «Өз үйім - өлең төсегім» деген тақырыппен жарияланған.

***

 «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Бас прокурор текетіресті жоққа шығарды» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Жарияланым кеше елордада өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бас прокурорлары үйлестіру кеңесінің 18-ші жиынына арналған. Басылымның жазуынша, жиын соңында журналистерге сұхбат берген Бас прокурор Қайрат Мәми Қазақстанның құқық қорғау органдары арасында жүйелі тайталас пен текетірес барлығын жоққа шығарған. Сондай-ақ ол Алматы қаржы полициясы бастығының орынбасары А.Жантелеевтің тұтқындалуына қатысты өз түсініктемесін беріп, оның үстінен қозғалған істің ұстау және іс қозғау кезінде өрескел қателіктер жіберілуіне байланысты тоқтатуға тура келгендігін хабарлаған.

Осы басылымның жұма күнгі санында Қазақ инфокоммуникация академиясының президенті, экономика ғылымының докторы, Халықаралық байланыс академиясының академигі Шахмаран Сейіловпен арадағы сұхбат жарияланды. Сандық телерадиохабарлар тарату жүйесіне байланысты өрбіген екеуара әңгіме «Сандық форматқа көшу - жаңа мүмкіндіктерге жол ашады» деген тақырыппен берілген.

«Мемлекеттік қаржыға түсірілген фильмдер зинақорлық, қызтекелік пен педофилияны неге насихаттайды?». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жарық көрген мақала күні кеше ғана республика кинотеатрларынан көрсетіле бастаған «Қайрат-чемпион. Бейкүнә №1» атты отандық кино төңірегінде өрбіген. «Егер де сарапшылар мен көрермендерді, кино сыншыларын «Келін» фильміндегі педофилия, зоофилия мен зинақорлық әрекеттері шошытса, «Қайрат-чемпион» фильмі біржынысты махаббатты, қызтекелер мен лесбияндарды, зинақорлар мен арсыздарды насихаттауымен иманды жұрттың  жанын түршіктіріп отыр», деп жазады басылым. Аталған жайтқа орай Мәжіліс депутатының, қоғам қайраткерінің, аталған фильмнің бас продюссерінің және «Болашақ» республикалық қозғалысы төрағасының орынбасарының пікірлері берілген. 

***

«Көлік және коммуникация министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының есептері бойынша 2020 жылға дейін темір жолды дамытуға 4,2 трлн. теңгеден астам қаржы керек», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның жазуынша, ұлттық компания мемлекеттік қазынадан осы соманың тек 4 пайызын ғана  сұрап отыр. Ал 72 пайызын өз қаражатынан ұсынып, 25 пайызды жеке сектордан қосуды көздеуде.   

«Литер» басылымы Қазақстанның ғарыш саласының дамуына қатысты тікелей желі барысында Елбасына түскен сауалдарға жауап жариялаған. Мәселен, қазақстандықтарды  «KazSat-1» мен «KazSat-2» спутниктерінің жай-күйі, кезекті біздің ғарышкердің ғарышқа ұшу перспективасы және «Бәйтерек» зымыран кешені құрылысының жобасы қызықтырады екен. Бұл сауалдарға ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев жауап берген.

ҚР Президентімен «тікелей желі» барысында энергетика және минералдық ресрустар саласына қатысты 426 сұрақ түскен. Осы сұрақтарға ҚР Энергетика және минералдық ресурастар министрі Сауат Мыңбаетың жауаптары «Московский комсомолец в Казахстане» газетінде жарияланған. Басылымның жазуынша, барлық сауалдар жанар-жағармай, электр энергиясы бағасына, атом электр сансысының құрылысына, Қазақстанның солтүстік аудандарын газбен жабдықтауға қатысты болған.

Кеше РФ Үкіметінің төрағасы Владимир Путин 4 сағат бой тікелей желі арқылы ресейліктердің 86 өткір сұрағына нақты жауап берген. Осыған орай «Комсомольская правда Казахстан» газеті жексенбілік нөмірінде осы сауалдардың бірқатарын жауаптарымен жариялаған.

Соңғы жаңалықтар