Мемлекеттік бюджетке 5,8 трлн сомасында кіріс түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында биылғы жеті айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуды талқылау кезінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет кірісі туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік бюджетке 5 трлн 832 млрд теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 105,8 пайызға атқарылды. Республикалық бюджетке 3,6 трлн теңге түсті немесе жоспар 100,1 пайызға орындалды. Жалпы, кірістер бойынша жоспар 4 млрд теңгеге асыра орындалды, оның ішінде салықтар бойынша 3 млрд теңгеге атқарылмады. Салықтар бойынша атқарылмаудың негізгі сомалары импортқа қосылған құн салығына, корпоративтік табыс салығына, мұнайға экспорттық кеден бажына және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа тиесілі болды», - деді Е. Жамаубаев.

Оның айтуынша, импортқа қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауы Қазақстан Республикасының үшінші елдермен тауар айналымының 2020 жылдың 1-жартыжылдығымен салыстырғанда 1,7%-ке немесе 593 млн долларға төмендеуіне байланысты болды.

Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 2021 жылғы қаңтар-шілдеде 744 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28%-ға азаюына байланысты.

«Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың орындалмауының негізгі себебі Теңіз кен орнында шикі мұнай өндіру көлемінің төмендеуі болды. Пайдалы қазбалар өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауы жерасты суларына мөлшерлеменің төмендеуіне және пайдалы қазбаларды өндіру көлемінің азаюына байланысты болды. Дегенмен, тауарларды өткізу бойынша айналымдардың 1,6 есе ұлғаюына байланысты ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспар асыра орындалды. Бұл ретте, қайтару сомасы 8,3%-ға өскеніне қарамастан, қосылған құн салығын қайтару бойынша бизнес алдындағы міндеттемелер уақтылы орындалуда», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар