Мемлекеттік басқару академиясында цифрлық коворкинг-орталығы таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында цифрлық коворкинг-орталықтың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Цифрлық коворкинг-орталық – бұл ІТ-дағдыларды, сондай-ақ ынтымақтастық, шешім қабылдау, өз-өзін дамыту, бастамашылдық сынды құзіреттіліктерді дамытудың негізгі факторларының біріне айналатын мемлекеттік қызметшілер коллаборациясына арналған бірегей платформа.

«Бұған дейін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында біз «Цифрлық Академия» жобасын жүзеге асыруға бастама көтергенбіз. Оның мақсаты Академияны мемлекеттік қызметті кәсіби дамытудың зияткерлік-цифрлық платформасына айналдыру еді. Қазіргі кезде жоба табысты жүзеге асырылып жатыр. Барлық оқу залдары мен дәрісханалар бейнеконференцбайланыс жасау мүмкіндігі бар бір жерден басқарылатын мультимедиялық жүйелермен жабдықталған. Бейне және дыбыс жазу студиясы құрылды, олар да үлкен графикалық мүмкіндіктері бар қуатты дизайнерлік техникамен жабдықталған. Бұл қашықтан оқыту технологияларын енгізіп, дамытуға мүмкіндік берді» - деді Ерлан Әбіл.

Цифрлық коворкингте шығармашылық әлеуеттерді дамытуға барлық жағдай жасалғандығын атап өту қажет, оның арқасында мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік органдардың ішкі қызметінде цифрлық технологияларға ауысу үрдістерін жүзеге асыруға бастама көтеріп, оларды басқара алады.

Іс-шара барысында Академияның коворкинг-орталығының алаңдары таныстырылды. Оның аумағында Бизнес-алаң, конференц-зал, freelance аймағы. Онда usb-слоттар қоса орнатылған ақылды трансформер-үстелдер, «Samsung Flip» ақылды флипчарты, арнайы құрастырылған «Сити менеджер» ойыны бар интерактивті киоскілер, сондай-ақ голографиялық дәріс залы бар.

Мысалы, «Сити менеджер» интерактивті қосымшасының арқасында мемлекеттік қызметшілер қалалық ортаны жоспарлау бойынша түрлі басқарушылық шешімдерді шығара алады және қабылданған шешімдердің түрлі көрсеткіштерге – қаржыға, азаматтардың көңіл-күйіне және демографиялық жағдайға қалай әсер ететіндігін көре алады.

Ал голографиялық дәріс залында мемлекеттік қызметшілердің қазіргі кезеңнің саяси көшбасшыларының сөздерін, сондай-ақ мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласындағы қазақстандық және халықаралық сарапшылардың дәрістерін голографиялық бейнеде трансляциялау мүмкіндігі болады. Голографиялық дәрістердің бірінші контенті ұлы ақын Абайдың 175-жылдығына арналып жасалды.

Ерлан Әбілдің айтуынша, коворкинг-орталық бойынша идея 2018 жылы пысықталған еді. ERG компаниясының өкілдерін осы идеямен таныстырғаннан кейін, олардың қолдауымен бұл іске аса бастады. Орталықта соңғы буынды технологиялар орнатылған.

«Цифрлық коворкинг-орталық мемлекеттік органдардың қызметін қарқынды цифрландыруға ықпал етеді деп ойлаймыз. Біз барлық мүдделі тұлғалармен ынтымақтастық орнатып, бұл алаңды жаңа идеяларды сынақтан өткізу үшін ұсынуға қуанышты боламыз», - деп қорытындылады ректор.

Таныстырылымға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл, «ERG Komek» корпоративтік қорының директоры Болат Оразов қатысты.


Соңғы жаңалықтар