Мемлекет басшысы Қызылорда өңірінің басшысынан құрылыс қарқынының баяулау себебін сұрады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда өңірінің әкімі Гүлшара Әбдіхалықовадан құрылыс қарқынының баяулау себебін сұрады. Президенттің айтуынша өңірде құрылыс қарқыны 27 пайызға төмендеп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Гүлшара Наушақызы, халықты баспанамен қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Статистикаға қарасақ, былтыр Қызылорда облысында құрылыс қарқыны 27 пайызға төмендеген. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру 20 пайызға азайған. Бұл мемлекет бойынша ең төменгі көрсеткіш. Жағдайды түзеу үшін не істеп жатырсыздар? Бұл мәселе бойынша қандай жоспарларыңыз бар?» - деп сұрады Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қызылорда облысының әкімінен.

Бұл сұраққа жауап берген Гүлшара Әбдіхалықова пандемия мен несиелік үйлерге сұраныстың азаюына байланысты құрылыс саласының көрсеткіші төмен болғанын айтып өтті.

«Қазір кезекте тұрған 30 270 адам бар. Оның ішінде «Отбасы банкі» салымшыларының өзі ғана – 8 мың адам. Оның ішінде тек 600 адам ғана бірінші жарнаны төлей алатынын дәлелдеп отыр. Проблемалар бар. Бірақ біз биыл алдымызға жоспар қойдық: 644,7 мың шаршы метр үй беріледі. Оның ішінде бірінші Қызылорда қаласы және аудандар бойынша арнайы үй салу инфрақұрылымдарын дайындап қойдық. Екіншіден, Үкіметпен бірге қазіргі бағдарламаларға байланысты арендалық және несиелік үйлер бойынша жұмыс істейміз», - деді ол.

Еске сала кетсек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Онлайн форматтағы жиында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылғы қорытындылары мен алдағы жоспары талқылануда.


Соңғы жаңалықтар