Мемлекет басшысы: Қазақстанда волонтерлер саны аз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі волонтерлердің санын 100 мыңға дейін жеткізу керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін де дүниежүзінде волонтерлік қызметтің ауқымы өсіп, әлемдік қозғалысқа айналды. Қазірдің өзінде жер бетінде 1 миллиардқа жуық волонтер бар. Бізде 16 мың – аз. 100 мыңға дейінгі деңгейге көтеруге болады. Олардың жаһандық дамуға тигізер үлесі зор. Әлемнің жалпы ішкі өнімнің 2,5 пайызы – еріктілер еңбегінің нәтижесі. Көптеген елде ерікті болу – қалыпты жағдай, үлкен құрмет саналады. Жұртшылық оларды сыйлайды», - деді Мемлекет басшысы елордадағы Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатында.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәселен халқының жартысы волонтер болып отырған Франция елін мысалға келтірді. Оның айтуынша, Германия мен Жапонияда да еріктілердің саны жылдан жылға көбейіп келеді.

«Бізге осындай деңгейге ұмтылуымыз керек. Азаматтарымыз өзгеге құрмет көрсетуде аянып қалмауы тиіс. Сол арқылы қоғамға әлеуметтік жауапкершілікті арттырамыз. Волонтерлік – патриотизмнің бір бөлігі. Еріктілер ең алдымен ел игілігіне қызмет етеді», - деді ол.

Айта кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада ЭКСПО көрмесінің «Art Hub» павильонында орналасқан волонтерлердің «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатына қатысуда.

Волонтер жылы аясында фронт-кеңсенің ашылуы барысында «QQQAZVOLUNTEER.KZ онлайн платформасының қызметі және волонтерліктің «Bilim», «Qamqor», «Úmit», «Sabaqtastyq», «Taza Álem» және «Saulyq» атты 7 салалық бағыт бойынша алаңдары таныстырылады.

Фронт-кеңсе бүкіл Қазақстанның волонтерлері үшін кеңес беру, әдістемелік, оқыту және ақпараттық орталыққа айналатын болады. Сондай-ақ, ол волонтерлік жобалар мен оқыту бағдарламаларын үйлестіру, мониторинг жасау, волонтерлікті ілгерілету бойынша бірыңғай ақпараттық саясатты жүргізеді және бірыңғай Call-орталықтың жұмысын ұйымдастырады.


Соңғы жаңалықтар