Мемлекет басшысы халық алдындағы барлық міндеттемелерді орындауды жүктеді
«Осындай күрделі кезеңде мемлекет халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазіргі пандемия ахуалы жұмыспен қамту саласына, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайына айтарлықтай теріс әсер ететіні анық екендігін баса айтты.
«Сондықтан министрлікке осы бағытта тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын», - деді ҚР Президенті.
Айта кетейік, видеобайланыс арқылы өтіп жатқан жиында Үкімет 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берді. Сондай-ақ коронавирусқа қарсы күреске қатысты қабылданған шаралар, Мемлекет басшысының Үкіметтің алдағы уақытта атқаратын жұмысының негізгі бағыттары бойынша берген тапсырмалары мен міндеттері қарастырылды.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен жыл соңына дейін орындайтын міндеттер жөнінде Премьер-Министр Асқар Мамин, ақша-несие саясатына қатысты шаралар туралы Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндама жасады.