Мемлекет басшысы: Ассамблеяның да алдында жаңа міндеттер тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кез келген сынаққа төтеп беру үшін бірлігіміз әрдайым бекем болуға тиіс. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ассамблеяны басқару өте жауапты жұмыс. Бұл - үлкен саясат. Сондықтан осы жауапты міндетті жауапкершілікпен атқарамын деп айтқым келеді. Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз Тәуелсіздігімізді нығайтып, Қазақстанды дамыған елдер қатарына қосу үшін ең алдымен ауызбіршілік, татулық аса қажет екенін үнемі айтып келесіз. Бұл көне заманнан келе жатқан ақиқат. Қазіргі ұрпаққа да қажетті құндылық. Табысты реформаларымыздың мызғымас тұғыры – халқымыздың бірлігі. Ал еліміздің бірегейлігі - әралуан ұлт пен ұлыстың жарасымды татулығы. Сіз «Қазақстан жолы» тұжырымдамасын күллі әлемге паш еттіңіз. Қазіргі таңда мемлекетіміздің дара жолын дүние жүзі мойындайды және жоғары бағалайды. Жаһан жұртшылығы Сізді аса көрнекті реформатор және әлем деңгейіндегі саясаткер ретінде құрметтейді. Парасатты басшылығыңызбен қол жеткізілген табыстарымыз мәңгілік тарихи мән-маңызға ие болды. Сондықтан елдің жолында сіңірген ерен еңбегіңіз әлемнің және Қазақстанның тарихында мәңгі жазылатындығы сөзсіз. Халқымыздың тату-тәтті тіршілігі Сіздің салиқалы саясатыңыздың арқасы. Осы дәстүрді сақтап, елімізде одан ары өркендету қашанда маңызды. Осыған орай мемлекеттік саясаттың сабақтастығы айрықша маңызға ие. Бұл Қазақстанның болашағы үшін керек екені айдан анық», - деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы Ассамблея бұрын-соңды еш елде болмаған бірегей құрылым екендігін, басқа елдер де біздің үлгіміз бойынша түрлі ұлт өкілдерінің басын қосатын осындай ұйым құруды бастағанын атап өтті.

«Бүкіл қоғамды ұйыстырып, ырыс-ынтымағымызды арттыру аса өзекті мәселе. Біз әрқашан «береке басы бірлікте» деген қастерлік қағиданы ұстандық. Қазақстан 30 жылдың ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл шын мәнінде мақтан тұтарлық жетістік. Сантүрлі ұлттың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру оңай шаруа емес. Бұл табандылықты талап ететін күрделі жұмыс. Біз сыйластық пен келісімнің, бауырмалық пен өзара құрметтің негізінде еңселі, өркениетті ел болып отырмыз. Бұл әрине, Елбасының арқасы. Мұны әрдайым есте ұстауымыз керек. Әсіресе, коронавирус дерті қыспаққа алған күрделі кезеңде халқымыздың алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыру үшін біз бәріміз бір ел, бір ұлт болып жұмылуымыз керек. Ассамблеяның да алдында жаңа міндеттер тұр. Татулық пен келісім саясатын жалғастырып, дамыта түсу баршамыздың ортақ парызымыз. Себебі бүгіндей алмағайып заманда кез келген сынаққа төтеп беру үшін бірлігіміз әрдайым бекем болуға тиіс»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар