Мемқызметшілердің сыйлық қабылдаудағы шектеу түсіндірілді -Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда қаласының «Antikor ortalyǵy» сервис орталығының алаңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев журналистермен брифинг өткізіп, мемлекеттік қызметшілерге сыйлық беру және олардың сыйлықтар алуына қатысты жауапкершілік туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мәселелерінде мемлекеттік қызметшілердің санасына парасаттылық, адалдық, сатылмаушылық сияқты моральдық-этикалық қағидаттарды енгізуге ерекше назар аударылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мақсатында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл туралы» заңға сәйкес мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті немесе оларға теңестірілген тұлғаларға лауазымдық міндеттерін орындау кезінде сыйлықтарды өзге де игіліктерды қабылдауға тыйым салынады», - деді Мұрат Төлеубаев.

Сондай-ақ, спикер мемлекеттік қызметкерлер мен мемлекеттік қызметке түсуші тұлғалардың жол бермеу мақсатында міндетті түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер, соның ішінде ҚР заңнамасына сәйкес қызметтік өкілеттікті орындауға байланысты сыйлықтар қабылдау бойынша шектеулер қабылданатынын хабарлады.

Бұдан басқа, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға сәйкес жеке тұлғалардың мемлекеттік қызметшілерге және оларға теңестірілген адамдарға заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңілдіктер немесе қызметтер көрсеткені үшін, егер бұл іс-әрекеттерде қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері болмаса, 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Ал мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдардың заңсыз материалдық сыйақыны, сыйлықтарды, жеңiлдiктерді не көрсетілетін қызметтерді ұсынған тұлғалардың пайдасына әрекеттерi (әрекетсiздiгi) үшiн осыларды алуы, егер бұл іс-әрекеттерде қылмыстық жазаланатын әрекет белгілері болмаса, 600 АЕК айыппұл түрінде әкімшілік жауаптылық көзделген.

Биыл заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін бірнеше жеке тұлға жалпы сомасы 1 миллион теңгеден астам айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, Мұрат Төлеубаев департамент мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау, оның ішінде қызметтік өкілеттілікті орындауға байланысты сыйлықтар қабылдамау және арнайы мемлекеттік қорға сыйлықтарды уақытылы тапсыру қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп жатқанын айтты.

«Егер сіздер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың куәгері болсаңыздар, дереу бірыңғай Саll-орталыққа – 1424 хабарласыңыздар. Сондай - ақ, сіздер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша аумақтық департаментке хабарласа аласыздар», - деп департамент басшысы сөзін аяқтады.

Соңғы жаңалықтар