Мемқызметшіге берілген сыйлық қайда жіберілуі керек – Агенттік жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасына сыйлық беруге тыйым салу нормасын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

7 қазанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

«Яғни, аталған Заңда мемлекеттік қызметшілерге және олардың отбасы мүшелеріне сыйлық беруге тыйым салу нормасы қатаңдатылған. Бұған дейін Заңда мемлекеттік қызметшілерге құны 10 АЕК-тен асатын сыйлық алуға тыйым салынған болса, қазір сыйлық құнының мөлшері маңызды емес. Мемлекеттік қызметшіге және оның отбасы мүшелеріне келіп түскен барлық сыйлықтар, тіпті олардың хабарынсыз келген сыйлықтар да жеті күн ішінде мемлекеттік мүлікті басқарушы органға берілуі тиіс. Бұл сыйлықтарды белгіленген тәртіппен сатып алу мүмкіндігі де сақталады», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаев агенттікте өткен брифингте.

Алайда, бұл тыйым жұмыстағы жетістіктері үшін және қызметкерлерді көтермелеудің заңды тәсілі ретінде заңмен көзделген өзге де еңбегі үшін марапаттауда қолданылмайды.

Тағы бір атап өтерлік жайт, жоғарыда көрсетілген заңнамалық шектеу мемлекеттік қызметшінің жеке өміріндегі жағдайларға қолданылмайды. Мысалы, отбасылық-салтанатты іс-шараларда жағдайында ол жақындары мен туыстарынан сыйлықтар ала алады.

«Заңда сыйлықтарды мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға беру, сыйлықтарды бағалау және сату мәселелері нақтыланған. Жергілікті атқарушы органдар енді бұл мәселелермен айналыспайды. Жоғарыда айтқанымдай, мемлекеттік қызметшілердің сыйлықты сатып алу құқығы сақталды. Мемлекеттік қызметші немесе оның отбасы мүшелерінің хабарынсыз шотқа түскен ақша олар анықталғаннан кейін 2 апта ішінде мән-жайы түсіндіріле отырып, республикалық бюджетке аударылуы тиіс», - деп түсіндірді Дархан Жазықбаев.

Сонымен бірге, Азаматтық кодекстің 509-бабына енгізілген өзгеріске сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге кез-келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынады. Яғни, Азаматтық кодекстің аталған бабының мемлекеттік қызметшілерге қатысты сый тарту мәселелерін реттейтін ережелері қайта қаралып, оның талаптары өзге заңнамалармен, оның ішінде, Қылмыстық және Әкімшілік кодекстермен сәйкестендірілді.


Соңғы жаңалықтар