Мемқызметке талантты мамандар іздестіріледі – Агенттік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі талантты мамандарды іздейді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агенттіктің аумақтық департаменттері академия филиалдарымен тығыз жұмысты жалғастырып, мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін дамыту шараларын жүргізуі қажет. Тағы бір жұмыс – таланттарды іздестіру және оларды мемлекеттік қызметке тарту болуы керек», - деді А. Жайылғанова ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алқа отырысында.

Оның айтуынша, таланттарды іздеу шарасы ауылдық округтер, аудандық және облыстық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдарды және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерін қамтып, мемлекеттік басқару жүйесінің барлық деңгейлерінде жүзеге асуы қажет.

«Тиісті үйлестіру жұмыстары республикалық деңгейде жүргізілуі тиіс. 2008 жылы Президенттің Жарлығымен құрылған Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі (МСҰМ) қызметін қайта қарайтын кез келді. Жоғары буын басқарушыларын даярлау міндеттерін іске асыруды толық қамтамасыз ету қажет. Академияға бітіруші түлектерді саяси лауазымдарға орналасу үшін кадрлық резервке қосу мүмкіндігімен МСҰМ-ды одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырамын», - деп қорытындылады Анар Жайылғанова.


Соңғы жаңалықтар