Мемхатшы Жолдаудан туындайтын негізгі мұраттарды айқындап берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Алматыда өткен жиын барысында ел Президенті Жолдауда белгілеген міндеттер аясында негізгі мұраттарды айқындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемияден кейінгі кезеңде қазақ қоғамының алдына еңбек мұраты шығуы тиіс. Бұл - біздің бірінші мұратымыз. Әлемдегі озық мемлекеттердің қай-қайсысы да дамудың биік шыңына тек еңбек арқылы жеткенін естен шығармаған абзал. Сондықтан біз іргелі ел боламыз десек, еңбексіз ешқандай табысқа жете алмайтынымызды есте ұстағанымыз жөн.

Екінші мұрат. Әлем жұртшылығын әбігерге салған індет кезінде біз ненің қажет, ненің қажет емес екенін толық түсінген тәріздіміз. Осы орайда қалың елдің алдына денсаулық мұраты шығады. Әр азамат ширақ та сергек болудың барлық амалдарын жасауы керек. Бұл тұрғыда іргедегі Қытай елінің жаппай денсаулық сақтау бағытындағы іс-қимыл, күнделікті жаттығу амалдарынан үйрену артық етпейді.

Үшінші мұрат – білім мұраты. Білімді болу үшін көп оқу керек. Осы ретте Қазақстанда кітап культін жасау ісі өте маңызды. Әлемнің озық елдерінде кітап оқу мемлекеттік деңгейдегі мәртебелі міндет саналады. Өкінішке қарай, қазір біздің жастарымыз, әсіресе өскелең ұрпақ тек смартфон парақшаларын қызықтаудан арыға бара алмай отыр. Мұндай уақытты «босқа өлтіру» амалдарынан тезірек арылу керек», - деді ол.

Мемлекеттік хатшы зиялы қауым өкілдерінен жастардың бойына еңбек, денсаулық, білім мұраттарын сіңіру, дүниежүзілік пандемия тұсында және одан кейінгі кезеңде халықтың еңбекке деген құлшынысын арттыру, салауатты өмір салтын ұстану, кітап оқуға ынталандырудың қазіргі заманғы тәсілдері мен технологияларын қалыптастыру бойынша ұсыныстар енгізулерін сұрады.

«Сіздерден жинақталған ұсыныстарды біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия отырысының күн тәртібіне, баяндамасына және хаттама жобасына енгіземіз. Ел дамуына қатысты кез келген ұтымды ұсыныс пен орнықты ой жерде қалмай, міндетті түрде жүзеге асатынын айрықша атап өткім келеді», - деді Қ.Көшербаев.


Соңғы жаңалықтар