Мектеп штатына ерекше қажеттілігі бар балалардың ассистенті енгізіледі - Аймағамбетов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жаңа оқу жылынан бастап мектептердің штатына тьюторлар немесе ерекше білім қажеттіліктері бар балалардың ассистенттері енгізіледі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда 63 мың үйірме мен 1 200 қосымша білім беретін ұйым жұмыс істейді. Қазір Оқушылар сарайлары, балалар технопарктері, үйірмелер мен өнер мектептері және тағы басқаларының желісін одан әрі ұлғайту міндеті тұр. Қарағанды, Көкшетау, Түркістан, Қызылорда және ШҚО сияқты бірнеше өңірде мұндай орталықтардың құрылысы басталды, ал Алматы қаласында қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басқа өңірлерде де аталған бағыт бойынша жұмыс атқарылып жатыр», - деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар министр инклюзивті білім беруді дамыту – маңызды бағыттардың бірі екендігін баса айтады.

«Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация жұмысы модернизацияланып, түзету орталықтарының (ППТК) желісін кеңейту мәселелері шешіліп жатыр. Қазіргі уақытта түзету көмегіне мемлекеттік тапсырысты енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл шара бізге көмекке мұқтаж балаларды тез арада қамтуға және оларға қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік берері сөзсіз. Себебі денсаулыққа қатысты мәселелерді алдын ала анықтап, балаларға қолдау көрсету өте маңызды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, жаңа оқу жылынан бастап Типтік өзгерістер бойынша мектептердің штатына тьютор немесе ерекше білім қажеттілігі бар балалардың ассистенті енгізіледі.

«Білім ұйымдарында тосқауылсыз орта құрудан бөлек, арнайы бағдарламалар, әдістемелер, бағалау жүйелерін енгізу, педагогтердің ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу дайындығы мен құзыреттері бойынша басты назарға алынады», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар