Мектеп оқушыларын онлайн оқыту қаншалықты тиімді – мұғалімнің пікірі

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елдегі карантин талаптарына сәйкес мектеп оқушылары онлайн, яғни қашықтан оқу форматына көшті. Осы орайда ұстаздар қауымының онлайн оқу форматына қатысты пікірі қандай және қашықтан оқудың қандай қиыншылықтары бар? Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне елордадағы №67 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Марал Нөгербекова айтып берді.

Марал Нөгербекова жетекшілік ететін 3 сыныпта 24 оқушы бар.

«Біз Teams білім бағдарламасы арқылы сабақ береміз. Яғни, оқушыларға бағдарлама сілтемесін жібереміз, олар қосылады. Жұмыс барысында аталған бағдарлама бойынша кедергілер бар. Мысалы, мен сабақ тақырыбына қатысты слайд әзірлеймін, бірақ ол Teams бағдарламасы арқылы барлық оқушыға бірдей көрінбейді, ашылмайды. Teams платформасы бойынша техникалық ақау бар. Бірақ, біздің оқушылардан кінә жоқ. Олар бағдарламаны қалай қосу, ажырату керетігін жақсы меңгерген. Мүмкін, мәселе интернетке байланысты болар. Бастауыш сынып екеніне қарамастан менің сыныбым онлайн оқу әдісін жақсы меңгерген», - деді М. Нөгербекова.

Мектеп мұғалімінің айтуынша, Teams білім бағдарламасы тиімді, дегенмен айтарлықтай кедергілер бар.

«Онлайн оқуға қатысты біз ата-аналардың ойын білдік, олар қарсы. Себебі, дәстүрлі оқуда балалар өзін толғандырған сұрақтарға жауап ала алады. Кеше ғана қалалық бас санитар дәрігердің арнайы қаулысы шықты. Демек, бізге дәстүрлі форматта оқуға болады», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар