Медсақтандыру қоры 3 миллионға жуық пациенттің тісін емдетуге 5 млрд теңге төледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Биылғы 8 айда әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халыққа көрсетілген 2,8 млн астам стоматологиялық қызмет үшін 5,1 млрд теңге төледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның ішінде 18 жасқа дейінгі және жүкті әйелдерге жоспарлы түрде 650 мыңға жуық қызмет, халықтың жекелеген санаттарына шұғыл стоматология бойынша 2,1 млн қызмет, сондай-ақ балаларға ортодонтиялық көмек көрсету бойынша 1 707 қызмет көрсетілді.

Еске салайық, МӘМС жүйесінде жоспарлы стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде шұғыл стоматологиялық көмекті 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 1, 2, 3 топтағы мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» медалімен марапатталған көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратындар, мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар ала алады.

Ортодонтиялық көмек жақсүйек-бет аномалияларын жоюға арналған аппаратты пайдалана отырып, жақсүйек-бет аймағының туа біткен патологиясы бар 18 жасқа дейінгі балаларға көрсетіледі.

Сондай-ақ, биылдан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС пакеті бойынша әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан балаларды-атаулы әлеуметтік көмек алушыларды қолдауды көздеді. 6 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға түрлі жақсүйек-бет аймағының ауытқулары (тістем бұзылулары, жақтың микрогнотиясы) кезінде ортодонтиялық көмек көрсетілетін болады. Бұл көмекті 9 мыңнан астам бала алады, осы жылдың соңына дейін 415 млн теңге қарастырылған.

«Стоматологиялық көмек алу үшін пациент емханаға да, стоматологиялық клиникаға да жүгіне алады. Бұл ретте стоматологиялық қызмет көрсететін клиника қордың әлеуетті өнім берушісі болып табылады және әлеуетті өнім берушілер тізілімінде болуы маңызды», - деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.

2020 жылдың 1 қыркүйектегі жағдайға сәйкес, ел бойынша 626 медициналық мекеме стоматологиялық қызмет көрсетеді. Олардың ішінде 346 мемлекеттік және 280 жеке клиникалар.

«Шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету пациенттің еркін таңдауы негізінде жүзеге асырылады және пациенттің тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігердің жолдамасының болуы талап етілмейді. Қызмет көрсету фактісі және стоматологиялық көмек көлемі ақпараттық жүйеде тіркеледі. Бұл – Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымы мен стоматологиялық клиникалар арасында бірлесіп орындау шартын жасау үшін қажет. Ол ақпараттық жүйеде автоматты түрде қалыптастырылады», - деп түсіндірді қордағылар.

Көрсетілген қызметтерге ақы төлеу пациенттің тіркелген жері бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымы арқылы жүргізіледі.

Медициналық көмек көрсетуден бас тартқан жағдайда, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы арқылы жүгіну қажет, қосымшаны Play Market және App Store арқылы орнатуға болады.


Соңғы жаңалықтар