Медсақтандыру: Биыл 907 млн теңгенің қызметтері көрсетілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылдың 10 айында елімізде 49,9 мыңға жуық адамға компьютерлік және магниттік-резонанстық томография қызметтері тегін көрсетілді. Бұл жайында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қалалық филиалынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жылы КТ және МРТ қызметтерін көрсету бойынша жасалған шарттардың сомасы 2 есеге жуық өсті. Егер 2020 жылы бүкіл ел бойынша шарттардың сомасы шамамен 706 млн теңгені құраса, 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 1,4 млрд теңгеге дерлік шарттар жасалды. Осы жылдың 10 айының қорытындысына сүйенсек, КТ және МРТ-ға тиесілі, яғни емдеуші дәрігердің жолдамасы бойынша жоспарлы түрде, медициналық сақтандыру бойынша 46,9 мыңға жуық қызмет көрсетілді», - деп атап өтеді қор филиалынан.

Жалпы, ел бойынша көрсетілген қызметтер сомасы 2021 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында шамамен 907 млн теңгені құрады. Салыстырмалы түрде, өткен жылдың осы кезеңінде КТ/МРТ бойынша жалпы құны 207,5 млн теңге болатын барлығы 11,4 мың қызмет көрсетілді. Осылайша, көрсетілген қызметтер көлемі 4 еседен астам өсті.

«Науқасқа кез-келген диагностикалық процедураны емдеуші дәрігер тағайындайды. Ол науқастың жағдайын, шағымдарын, аурудың белгілерін зерделейді. Тиісті көрсеткіштер болған жағдайда дәрігер КТ немесе МРТ түсуге жолдама береді. Бұл қызметті жоспарлы түрде алу үшін МӘМС жүйесінде пациенттің «сақтандырылған» мәртебесі болуы тиіс. Егер КТ/МРТ қызметтерін алуға қатысты сұрақтарыңыз болса немесе сіз осы қызметтерге қол жеткізе алмасаңыз, онда өз емханаңыздағы Пациентті қолдау қызметіне хабарласуыңызға болады. Сондай-ақ, өз аймағыңызда томографиядан өту мүмкіндігі болмай, ұзақ күткен жағдайда, сіз өз аймағыңыздың Денсаулық сақтау басқармасынан жағдайды нақтылай аласыз. Егер мәселені сол жерде шешу мүмкін болмаса, онда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өзіңізге ыңғайлы тәсілмен: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Telegram-дағы 24/7 Qoldau және SaqtandyryBot мобильді қосымшасы арқылы өтініш-шағым қалдыра аласыз», - деп кеңес береді қор филиалы.


Соңғы жаңалықтар